Бүгінгі таңда әлем елдерінің даму бағытын сандық технология мен жасанды интеллект айқындап отыр. Әлем елдері жаңа дәуірге — цифрлық трансформация кезеңіне енді. Бұл үрдіс жай ғана сән емес, тіршілік ету мен экономикада алға басудың басты алғышартына айналды. Қазақстан үшін де бұл бағыт — тарихи мүмкіндік әрі жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттыру жолы. Алайда, серпіліс тек техникалық құрал-жабдықпен емес, адами капитал мен стратегиялық шешіммен келеді.
Батыс елдерінде цифрлық технологиялар — білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, тіпті саясат саласында шешуші факторға айналды. Мысалы, АҚШ-тағы OpenAI мен Google DeepMind сынды алпауыттар жасанды интеллект арқылы адам еңбегінің өнімділігін бірнеше есеге арттырды. Қытайда цифрлық юань енгізіліп, e-commerce сегменті толық автоматтандырылды.
Цифрлық теңсіздік деген де ұғым пайда болды. Жоғары ресурсты тілдерде (ағылшын, қытай, испан) дамыған ЖИ жүйелері қазақ, қырғыз, өзбек секілді тілдерді толық қамти алмай келеді. Бұл — тек лингвистикалық мәселе емес, ақпараттық қауіпсіздік пен мәдени дербестікке де қауіп төндіреді.
Қазақстан соңғы жылдары IT және цифрлық салада ауқымды ілгерілеушіліктер жасап келеді. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы арқылы мемлекеттік қызметтердің 92%-ы онлайн режимге өтті. 2024 жылы Қазақстан әлем бойынша цифрлық идентификация бойынша 24-орынға шықты. Бұл — технологиялық реформа мен саяси ерік-жігердің нәтижесі.
IT саласындағы стартаптар саны артты, инвестициялық тартымдылық өсті. 2019 жылдан бері стартап-экожүйе 18 есеге өскен. Kaspi, Freedom Holding, ChocoFamily секілді ірі цифрлық ойыншылар халықаралық деңгейге шықты. Бұл компаниялар жасанды интеллектті бизнес үрдістерге енгізуде көш бастап отыр.
Жасанды интеллект — адамның ақыл-ойын имитациялайтын алгоритм ғана емес, еңбек нарығының, білімнің, тіпті ұлт тағдырының қозғаушы күші болып отыр. Алайда ЖИ-ді сиқырлы шешім деп қабылдау қате.
Тимур Бектұр, IT-сарапшысы:
«Жасанды интеллект деген — өте әдемі сөз. Интернет, компьютер, клавиатура тағысын тағы — бәрі жақсы. Бірақ ол бізді ұшпаққа шығарады деген ойдан аулақ болу керек. Маман нашар болса, ЖИ оған көмектесе алмайды. Ал кәсіби маман болса — ЖИ оның жұмысын жеңілдетеді», — дейді.
Бұл пікір бүгінгі цифрлық саясаттың басты қағидасы болуға тиіс. Қазақстанда ЖИ тиімділігі ағылшын тіліндегі командалармен — 17,1%, қазақ немесе орыс тілінде — 13,8% ғана. Бұл — тілдік теңсіздіктің нақты көрінісі.
Егер мемлекет ғылым мен білімді екінші орынға ысырып қойса, ешқандай технология нәтиже бермейді. Назарбаев Университет, Astana IT университеті, Almaty Management University сынды оқу орындары AI мамандарын даярлауға кірісті. Coursera мен Udemy секілді онлайн платформалар арқылы мыңдаған жас IT мен мәліметтер ғылымын меңгеріп жатыр.
Дегенмен, ғылыми сапа — әлі де күрделі мәселе. AI зерттеулерінің көбі қолданбалы емес, теориялық сипатта.
Цифрлық серпіліс — тек ІТ мамандар мен стартаперлердің емес, мемлекеттік саясаттың да қолдауы арқылы жүреді. E‑gov жүйесі, e-notary, QR-подпись, цифрлық құжаттар мен e‑license — мұның бәрі бюрократияны қысқартып, сенімділік арттырды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2024–2029 жылдарға арналған ЖИ-стратегия бекітілді. Бұл стратегияға supercomputer, ұлттық тілдік модель KazLLM, деректер қауіпсіздігі мен шет елден маман тарту да кіреді. Xалықаралық «цифрлық номад» визасы арқылы мыңдаған ІТ маман елге келіп, экожүйені дамытып жатыр.
Қазақстан — цифрлық теңсіздікті жою, технологиялық бәсекеге қабілеттілік және жасанды интеллектті бейімдеу тұрғысынан нақты қадамдар жасап жатқан ел. Алайда бұл жол — ұзақ, жауапкершілікті қажет ететін және адами капиталға тәуелді.
Болашақ — жасанды интеллект емес, оны кім қалай қолдана алады — солардың қолында. Кәсіби маман, сапалы білім, еркін пікір алмасу мен инклюзивті жүйе болмаса, ең озық технология да нәтижесіз.
Мәулен Әнербай