«Жақсылық жаса» ұранымен бастау алған республикалық «Мектепке жол» акциясына талдықорғандықтар да өз үлесін қосуда. Осыған орай қала тұрғындары мен кәсіпкерлер жақсылық жасап жарысуда.
Осылай деген Талдықорған қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жасұлан Қанағатұлы аталмыш акция туралы атап өтті. Айтуынша, бүгінге дейін жалпыға білім беру қорынан 6 мыңға жуық балаға көмек көрсетілген. Әлеуметтік осал топқа жататын, көпбалалы отбасынан шыққан, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған және жартылай жетім оқушылар мектеп формасы, оқу құралымен қамтылған. Әр оқушыға аталмыш қор атынан 40567 теңге көлемінде қаржылай көмек берілді.
Қаулыға сәйкес мемлекеттен көрсетілетін көмек 5 санатта белгіленген. Қазіргі таңда қала мектептерінде бұл санатқа жатпайтын, бірақ, көмекке мұқтаж оқушылар бар. Акция бойынша жоспарда 300-ге жуық оқушының тізімі қаралған. Бүгінде облыс орталығындағы 18 балаға толыққанды көмек көрсетілді. Қол ұшын созуға ниет білдірушілерге қала мектептеріндегі оқушылар бөлініп берілген.
Айта кетерлігі, қайырымды жандардың қолдауымен жиналған жалпы қаражат 1 млн. 200 мың теңгені құраған. Ж. Қанағатовтың мәлімдеуінше, бұл қаржы оқу жылы басталмай тұрып көмекке мұқтаж оқушыларға тапсырылады.
Фото: көрнекілікке алынды
Айғаным ӘБІЛТАЙҚЫЗЫ





