Қорқау қашанда қорқаулығын жасайды екен. Тәуелсіздігімізді алғаннан бері жар құлағымыз жастыққа тимей, айналадағы көршілерімізбен шегарамызды шегендеп алғанымызға қарамастан шығысымыз бен батысымыздағы алып ағайындар жерімізге сұқтануын тоқтатар емес.
Қытайдың ресми емес ақпарат құралдарында ежелден бері «Жетісу жері біздің батыс шегарамыз…» – деп жазылып жүргенімен, билік тарапынан мұндай мәлімдеме айтыла қоймағанына шүкір дедік. Ал енді, 1998 жылдың 6-шы шілдесінде Мәскеу қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Президенттері қол қойған «Мәңгілік достық пен одақтастық туралы декларацияның» мақсат-талаптарына қарамастан Ресейдің Мемлекеттік Думасының депутаттары: «Қазақ мемлекеті ешқашан болмаған. Оның жері Ресей мен КСРО-ның қазақтарға жасаған сыйлығы!…» – деп айдай әлемге жар салуын қорқаулық демей не дейміз?!
Осы декларацияда: «Біз, Қазақстан Республикасының Президенті мен Ресей Федерациясының Президенті, ХХI ғасыр қарсаңында кең ауқымды халықаралық тұрғыда екі ел арасындағы қарым-қатынастардың жай-күйі мен даму перспективаларын жан-жақты талқылай келіп Қазақстан мен Ресей халықтарының тығыз достық байланыстарының тарихи қалыптасқан дәстүрлері мен игі құндылықтарына сүйене отырып… – деп басталып, – Біріккен Ұлттар ұйымы Жарғысының, Хельсинки қорытынды актісінің және Еуропадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық ұйымының, басқа да құжаттардың халықаралық құқықтың жалпы танылған нормаларының, сондай-ақ адам құқығы саласындағы халықаралық өлшемдердің мақсаттары мен принциптеріне адалдық танытқанын қуаттай отырып… осы Декларацияны қабылдаймыз және салтанатты түрде мәлімдейміз!» – деген жолдар бар.
Қазақ жеріне көз алартушыларға қарсы қоғамда үлкен дүрбелең туғанына баршамыз куәміз. Ал күні кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы осы түйткілді мәселенің түйінін шешкендей болғаны рас. «Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аймақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Қысқаша айтқанда ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзінде жатыр. Жалпы, тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек!» – деуі мемлекетіміздің берік ұстанымын айшықтап тұр емес пе?!
Бәлкім, осыдан кейін Ұлы Далаға сұқтанушылардың аптығы басылар деген үміттеміз!
Дәурен Қуат,
«Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы




