Облыс орталығында орналасқан Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушылары QazAstroShift республикалық зымыран құрастыру байқауынан жеңімпаз атанды. Жарыс Астана қаласында өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 122 команда «Үздік» атағы үшін күресті.
Осынау білім бәсекесінде жерлестеріміз Толғанай Әсетхан, Нұрсұлтан Ерланұлы, Арнұр Емберген жоғары жылдамдықтағы зымыранның үлгісін құрастырды. Жас инженерлер мектептегі робототехника шеберханасында екі ай бойы жобамен арнайы жұмыс істеген.
Байқау қорытындысы бойынша жерлестерімізден жасақталған NIS командасы «Ең тұрақты ұшу» номинациясымен 2-орынды иеленді, сонымен қатар, Сәтбаев университетінің білім гранттарын жеңіп алды.
QazAstroShift зымырандық ғылымдар сайысы төрт кезең бойынша өрбіген. Әр кезеңнен сүрінбей өтіп, білік-білімін көрсете білген 10 команда ақтық сында бір-біріне бәсекелес атанған. Осынау ұшқырлық пен ғылыми негізді, тәжірибе мен білімді талап ететін білгірлер байқауында зымыранның үлгісін ұсыну, оның ұшырылуы жарыстың басты шарты болса, жобаның дизайны да ескерілген-ді.
– Жыл сайын біздің мектептегі шәкірттер робототехника саласы бойынша жобаларды жасап, ел көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде де жүлделі орындарға ие болуда. Бұл жолы бізді ғарыш саласы, зымырантану тақырыбы қызықтырды. Топтық жұмыс пен робототехника саласындағы білімнің арқасында алға қойылған міндеттерді орындай алдық, – дейді байқауда бәйгелі болған жас жерлестеріміз.




