Елдің даңқын аспандататын талантты спортшыларды тәрбиелеп шығарудың да жұмысы салмақты. Әсіресе, минут сайын сан түрлі сынақпен бетпе-бет келетін, денсаулығы қатерге толы спорт саласында дәрігерлердің еңбегі көп болатыны белгілі.
«Жетісу» балалар мен жасөспірімдер орталығының құрылғанына бірталай жыл болды. Осы ретте орталықтан қаншама жеңімпаз спортшының жетіліп шыққанын санап берудің керегі жоқ. Алайда сол дарындардың балғын кезінен қалыптасқан спортшыға айналғанына дейінгі аралықтағы денсаулығына жауап беретін дәрігерлердің еңбегі ерекше болды дей аламын. Алғаш рет орталықтың табалдырығын аттағанда «үп» еткен желге ұшып кететіндей балауса балалар бірнеше жылдық машықтанудан кейін қайраты тасқындаған, жігері жалындаған спортшыға айналады. Осы барыста олар түрлі жаттығудан өтеді, еліміздегі, алыс-жақын шетелдердегі жарыстарға қатысады. Ол айтуға оңай болғанымен жаттығу, жарыс барысында түрлі дене жарақатын алып, қауіп-қатерге бетпе-бет келеді. Осы тұста оларға орталық дәрігері аянбай көмек көрсетеді.
Қазір аталған орталықта облысымыздың жер-жерінен келген 400-ден аса бала спорт жолында шыңдалуда. Осы орталықтың дәрігері ретінде олармен күніге 12 сағат бірге болып, барлық жағдайын қадағалап отырамын. Алайда осы күнге дейін балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын бүлдіретін ерекше бір жағдай тіркелген жоқ. Себебі, орталықта дәрігерлік көмек беруге керекті барлық жабдық, дәрі-дәрмек, басқа керек-жарақтар толық қамтамасыз етілген. Өздеріңізге белгілі, пандемиялық жағдайда дәрігерлерге қойылатын жауапкершілік тіпті арта түсті. Осыған орай, қосымша құрал-жабдықтар толықтырылып, әр қатысушының денсаулығы күн сайын тексеріліп, жаттығу барысында жиі қадағаланып келеді. Сондықтан, орталықта ерекше жағдай орын алған жоқ.
Індеттің беті қайтса, алдағы уақытта бұрынғы жылдардағыдай түрлі тренинг, жарысқа қатысуға мүмкіндік туады. Осы тұста орталық дәрігерінің де жұмысы қарбалас болады. Жыл бойы спортшылармен бірге үй бетін көрмей сыртта жүруге тура келеді. Бірақ, ел үмітін ақтау жолындағы бұл сапарлар дәрігерді қажытпайды. Қайта жігерлендіре түседі. Ең бастысы, көз алдымыздағы спортшылардың дені сау, бағындырған белесі биік болса болғаны.
Ләйлә АҚЫЛБЕКОВА,
«Жетісу» балалар мен
жасөспірімдер
орталығының
дәрігері




