Жетісу облысының бірнеше елді мекені мен тұтас өңір аумағын дамытуға арналған жаңа қала құрылысы жоспарларын әзірлеу жұмыстары басталды.
Биыл Жетісу облысының сәулет және қалақұрылыс басқармасының тапсырысы бойынша бірқатар елді мекеннің қалақұрылыстық құжаттамасын әзірлеу (түзету) жұмыстары жүргізілуде.
Жобаға Алакөл ауданының Ақтүбек, Бұлақты, Жайпақ, Лепсі ауылдары, Қаратал ауданының Ескелді би ауылы, Кербұлақ ауданының Сарыөзек ауылы, Сарқан ауданының Қойлық ауылы және Текелі қаласы кіреді. Аталған елді мекендер бойынша бас жоспарлар мен өзге де қала құрылысы жобалары әзірленіп, болашақ инженерлік инфрақұрылым, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылысының даму бағыттары нақтыланатын болады.
Сонымен қатар Жетісу облысы аумағының қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемасын жасау (немесе түзету) басталды. Бұл құжат өңірді дамытудың ұзақ мерзімді кеңістіктік саясатын айқындап, елді мекендердің өзара байланысын, көлік-логистикалық және инженерлік жүйелердің орналасуын жүйелеуге мүмкіндік береді.
Жобалар бойынша қосымша ақпарат алу үшін Сәулет және қалақұрылыс басқармасына 8 (7282) 24-10-27 телефон нөмірі арқылы немесе zhetysu.genplan@mail.ru электрондық поштасы арқылы хабарласуға болады.
«Жетісу-Ақпарат»





