Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің мамандары Әлихан Бөкейханов атындағы №76 мектеп-лицейінде «Қазақстан жастары арасында лудоманияның алдын алу бойынша кешенді шаралар» тақырыбында дәріс өткізді. Шараға 400-ге жуық оқушы қатысты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жоба Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асып жатыр. Ұйымдастырушылар мұндай дәрістер алдағы уақытта өзге өңірлердің мектептерінде де жалғасатынын айтты.
Жастарды құмар ойындарға әуестенуден сақтау – әлеуметтік саясаттағы өзекті бағыттың бірі. Іс-шара жасөспірімдерге құмарлықтың зиянды салдарын түсіндіруді, олардың психологиялық тұрақтылығын күшейтуді және бос уақытты тиімді өткізуге дағдыландыруды көздеді.
Дәрісті психолог, сарапшы Гүлнар Исламжанова жүргізді. Ол құмар ойындардың психологиялық әсерін талдап, тәуелділікке әкелетін факторларды түсіндірді. Сондай-ақ оқушыларға ерік-жігерді дамыту, дұрыс мақсат қою және әлеуметтік ортада белсенді болудың маңызы жайлы айтты.
Кездесу барысында жасөспірімдер көкейіндегі сұрақтарын қойып, кәсіби кеңестер алды. Сарапшының пікірінше, мұндай ашық диалог жастарға құмар ойындардың қауіптілігін ұғынуға және тәуелділіктен сақтанудың нақты жолдарын меңгеруге мүмкіндік береді.






