Сарқан ауданына ресми сапармен келген облыс әкімі Бейбіт Исабаев алдымен жергілікті тұрғындарды қабылдап, халықты алаңдатқан мәселелер жайын тыңдады, деп хабарлайды 7su.kz желілік басылымы.
Аудан майлы дақылдарды өсіру бойынша жетекші орында. Өңірде соя өңдейтін екі кәсіпорын жұмыс істейді. Жылдық қуаттылығы 66 мың тонна болатын «ПСД Групп» кәсіпорнында өткен жылы барлығы 9 мың тонна өнім өңделсе, биыл 15 мың тонна соя өңдеу жоспарланып отыр. Сондай-ақ «Макай» ЖШС толық қуатымен жұмыс істейді. Серіктестік жылына 7,2 мың тонна соя күнжарасын өңдеп, экспорттайды.
Бейбіт Өксікбайұлы аудан әкіміне жеміс-көкөніс қоймаларын ашу бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы алқаптарын суару арналарын жаңғырту да маңызды мәселе болып қалуда. Бүгінгі таңда аудандағы 33 мың гектар жер ұзындығы 784 шақырымды құрайтын каналдар арқылы суарылады. Өткен жылы Тәуке және Ащылы-Өзек ішкі шаруашылық каналдарын (21,4 км) күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен 1,5 млрд. теңге бөлінген. Жұртшылық көптен күткен бұл каналдарды жөндеу жұмыстарын ағымдағы жылдың қазан айының соңында аяқтау жоспарлануда.
Атап айту керек, ұзындығы 10,278 шақырым «Тәуке» магистральдық каналының күрделі жөндеуі жергілікті жер үшін өте маңызды. Бұл ауқымды жобаның мердігері – «СК Гранд Канал» өндірістік кооперативі. Жобаның құны 804,0 млн. теңге, аяқталу мерзімі – 2023 жылғы 30 қазан.
Ұзындығы 7,648 шақырым «Ащылы-Өзек» магистральдық каналының күрделі жөндеу жұмыстарына 806,2 млн. теңге бөлініп отыр. Мердігер – «СК Гранд Канал» өндірістік кооперативі. Аяқталу мерзімі – 2023 жылғы 30 қазан.
Сондай-ақ, 2022 жылы 207 млн. теңгеге 119 шақырымдық 10 ішкі шаруашылық каналына механикалық тазарту жүргізілді. Ағымдағы жылы ауданда суару каналдарын дербес тазарту жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз ету үшін «Сарқанирригация» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына 9 бірлік арнайы техника сатып алу үшін 271,4 млн. теңге бөлінген.





