Сарқан ауданына ресми сапармен келген облыс әкімі Бейбіт Исабаев алдымен жергілікті тұрғындарды қабылдап, халықты алаңдатқан мәселелер жайын тыңдады, деп хабарлайды 7su.kz желілік басылымы.
Облыс әкімі атап көрсеткендей, Сарқан ауданының мал шаруашылығы саласында мал басының өсуінде оң динамика байқалады. Бүгінде мал саны 287,2 мың басты құрайды. Дегенмен ет пен сүт өндірісі төменгі деңгейде, мал өнімділігі төмен. Бұл, әрине, мал басының сапасын жақсарту бойынша селекциялық жұмысты күшейтуді талап етеді.
Ветеринария саласына көңіл бөлінуде. 2023 жылы ветеринариялық іс-шараларды жүзеге асыру мақсатында жалпы бөлінген қаражат 332,4 млн. теңгені құрады. Сонымен қатар, Черкасск ауылдық округінде 16,5 млн. теңгеге 1 ветеринариялық пункт салу жоспарлануда.
Мал басының көбеюіне байланысты ауданда жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі байқалады. Аудан бойынша 2022-2023 жылдары барлығы 90,6 мың гектар пайдаланылмайтын жерлер анықталған. Оның ішінде өткен жылы мемлекеттік меншікке 10,5 мың гектар, ағымдағы жылы 24,2 мың гектар қайтарылды немесе бұл орайдағы жылдық жоспар 90 пайызға орындалды. Бұл жерлер заңға сәйкес конкурстық негізде ауыл шаруашылығы айналымына қайта енгізілетін болады. Қалған 53,1 мың гектар бойынша жер ресурстарын басқару департаменті 1 жыл ішінде бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берді.
Ауданда жайылымдарды басқару жоспары бекітілгеніне қарамастан елді мекендерде халықты жайылыммен қамтамасыз ету үшін жерді қайтару жұмыстары басталған жоқ. Әсіресе Көкөзек ауылы мен Сарқан қаласында жайылымдық жерлердің тапшылығы ерекше байқалады. Бұл жерлерде 11 ірі шаруа қожалығы 58 мың гектар жерді пайдаланбай отыр. Бұл жердің иелеріне тиісті нұсқамалар берілді, жер учаскелері пайдаланылмаған жағдайда оларды мемлекет меншігіне қайтару жөнінде шаралар қабылданатын болады.
Жұртшылықпен жүздесуде аймақ басшысы өзінің орынбасары Әлібек Жақанбаевқа, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму, жер қатынастары басқармасының басшыларына аудан әкімдігімен бірлесіп қант қызылшасының алқабын ұлғайту жөнінде шаралар қабылдап, ирригациялық желілерді қалпына келтіру бойынша жұмыстардың барысына бақылауды күшейтуді, жобалардың уақытылы іске асырылуын қамтамасыз етуді, ауданда жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарын, тауарлы-сүт фермаларын және бордақылау алаңдарын ашу үшін қолайлы жағдайлар жасауды, әлеуетті инвесторларды тарта отырып тоқтап тұрған, толық қуатына шықпаған кәсіпорындардың жұмысын жандандыруды, балық шаруашылықтарын дамыту жөнінде шаралар қабылдауды, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалануға мониторингті күшейтіп, оларды айналымға енгізуді тапсырды.





