Кейде он екі мүшесі сау адамдар тағдырдың болмашы сынағына шыдамай бордай үгіліп, өмірден түңіліп жатады. Керісінше, туабітті кемтар немесе тағдыр тауқыметімен мүгедек болған жандар өмірге құштар келеді. Жаратқан Иеміз бұл жандардың бір мүшесін кем жаратып мүмкіндігін шектегенімен, мұқалмас ерік-жігер, қажымас күш беріп, жан жарасын жеңілдететіндей. Бүгінгі біздің кейіпкердің өмірге деген талпынысы, ертеңіне деген құлшынысы бәрінен жоғары.
Нұрболат Қарабасов оңтүстіктің тумасы. Аяққа тұрсам деген арманы оны жеті өзеннің арнасы қосылған жаннат өлкеге келуіне себеп болды.
– Тайша жарысып, елдің баласымен бірге мектепте оқып жүргенімде полиция қызметкері болуды армандаған едім. Еліме адал және абыройлы қызмет қылсам деп құлшындым. Құдайым менің маңдайыма қоғамға қызметті мен ойлағаннан, мен армандағаннан өзгеше атқаруымды жазған секілді. Ол кезде 16 жаста едім. Көлік апаты әкеме ұқсап офицер боламын деген қиялымды күл-талқан етіп, дүние-әлемімді дүр сілкіндірді. Кеудеге, арқа, бел омыртқаға тиген соққы салдарынан қос аяқ семіп қалған. Содан бері астымдағы арғымағымды (арбасын айтады) ерттеп мініп аламын да шапқылаймын. Бал дәуреннің барлық қызығынан құр қалдым- ау, бозбала шағымда құрышым қанғанша құландай еспедім-ау, қыз-жігіт болып көкжиекте кеш батырып, таңмен таласа жұлдыз санамадым-ау деген санама түскен сан сауалдың бәрін өткен уақыттың еншісіне қалдырғам. Азды-көпті діни ілім алып, шариғатты шамалы болса да түсіне бастағаннан бері көп нәрсеге көзқарасым өзгерді. Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді? Алла менің күшіме сай ғана сынақ жіберген. Демек, сарылатын ештеңе жоқ, бұл дәл менің сынағым, бұл мен лайық деп танылған күрес, бұл маған жазылған жол, бұл менің өмірім, – дейді біздің кейіпкер.
Ешқашан көрмеген, ешкімді танымайтын қалаға тәуекел етіп келген жігітті жетісулықтар құшақ жая қарсы алды. 2015 жылы Талдықорған қаласында «Асар» спорт орталығы ашылып, талай жанның үміт жібін жалғады. Соның бірі – біздің кейіпкер еді. Бөтен орта, басқа қала, оның үстіне арбаға таңылған бозбалаға жүріп-тұру, баспана іздеу оңай бола қойған жоқ. Үйіне қайтып бармасқа бекінген ол не қиыншылық кездессе де алты жыл бір бұрышқа тығылып, әбден ішқұса болып қалса керек, қайтайын деп бір сәт те ойланбаған. Өзінің еңбекқорлығының нәтижесінде әлеуметтік жоба аясында ұйымдастырылған байқауларға қатысып, еңбегінің жемісін көрді. «Zhasproject» жобасының түлегі Нұрболат Берікбайұлы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұйымдастырған “2018 жылғы үздік әлеуметтік жобалар” конкурсына «Электрлік тіркеу – арбадағы кедергісіз өмір» жобасымен қатысып, биіктен көрінді. Жоба мақсаты – мүмкіндігі шектеулі азаматтарды арбамен қамтамасыз етіп, олардың жүріп-тұруына жағдай жасау. Бүгінде бұл істің жетістігін көптеген азамат көруде. Тіпті, басқа облыстар мен қалалардан арнайы тапсырыс та түсіп жатыр. Мұны да өмірге құштарлықтың бір белгісі деп қабылдағанымыз жөн. Нұрболат Жетісудан көп дос тапты. Өмірге деген көзқарасы өзгерді. Ең бастысы, Нұрболат отбасын құрды. Оның жеткен жетістігінің ең биігі де осы.
Нұрболат пен Эльмира Елорда төрінде өткен ЭКСПО-дан қайтып келе жатып танысқан. Жолаушылар тоғысқан теміржол вокзалында тағдыр иелері бірін-бірі жолықтырды. «Мен жарымды алғаш көргенде оның бойындағы тазалықты аңғардым. Жан тазалығы – адам баласының айнасы емес пе? Адамның көзіне қарап біраз дүниені ұғынуға болады. Іштей бұл менің тағдырым екенін білдім», – деп ағынан жарылды Нұрболат. Таныстық соңы достыққа ұласып, достықтан ұлы махаббатқа жалғасқан таза сезімнің нәтижесі көпшілікті қуантты.
Талдықорғанда өткен әлеуметтік жобаның бас жүлдесін ұтып алып, дәл сол сәтте сахна төрінде сүйген сұлуына ұсыныс жасап, бақытқа қол жеткізген оңтүстіктің батыры бүгінде бір үйдің тірегі. Екі ғашық сол сәттен қол ұстасып, үлкен өмірге аяқ басып, шаңырақ көтереді. Қыздың ата-анасының алдынан өтіп, ақ батасын алып, шырайлы Шымкентке жол тартып, беташар той да өтті.
Ақ парақты шимайлау бәріміздің қолымыздан келеді. Алайда, салынған сурет арқылы жан дүниені жеткізу хас шеберлерге ғана тән болса керек. Қылқаламның көмегімен көпшілікті тамсандырып жүрген Эльмира Балтықованың туындысы көрген жанның көзайымына айналады. Таланты мен талабы ұштасқан жас келін бүгінде Алматы қаласындағы Каспий университетінде дизайнерлік мамандықты меңгеру үстінде. Сонымен қатар, Эльмира жүректен шыққан әнді дауыспен емес, қолмен жеткізе алады. Сахнада эстрада жұлдыздарының фонограммасына сурдо әдіспен ән салып, бірқатар байқауға қатысып, жүлделі орындардан көрінгендігін де ерекше атап өткеніміз жөн.
– «Үйлену оңай, үй болу қиын» десек те, отбасын құрған әрбір жан үйленерде бақытты болам деп емес, жарымды бақытты қылам деген мақсатпен үйленсе, көп қиындықтың басы шешілер еді. Нұрболатпен бас қосқалы шығармашылығымда да біраз өзгерістер пайда болды. Осындай азаматпен тағдырлас болғаныма шексіз ризамын. Қандай қиындық кездессе де біз бірге боламыз. Біз бағындырар белестер әлі алда, – дейді Эльмира.
Даналықтың мектебі болған Төле би бабамыз: «Адамның басшысы – ақыл, шолушысы – ой, жетекшісі – талап, қорғаушысы – сабыр, сынаушысы – халық, таусылмайтыны – арман, ең қымбаттысы – ар сақтау, бәрінен ардақтысы – өмір сүру, соның ішінде ең тәттісі – сыйластық», – деген екен. Шындығында да, отбасы берік болуының негізгі қағидасы адам бойындағы осы қасиеттерге негізделсе керек. Басшысы нәпсі, ашу немесе өсек-аяң емес, әрдайым ақылы болса, ой таразысына салып шешім қабылдап, бақытты отбасын құруға талаптанса, бақытты отбасылар қатары көбейер еді. Ал бақытты отбасы болашақта ұлы тұлғаларды дүниеге әкелуге қабілетті болмақ. Олай болса, жас шаңырақтың бақытты күндері көп болсын деп тілейміз.
Еңлік КЕНЕБАЕВА





