Жетісу облысы өткен жылды жемісті қорытындылады. Жеткен жетістік мол, кемшілік те жоқ емес. Осыған орай облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВТЫҢ төрағалығымен алқа отырысы өтті. Онда Жетісу жұртшылығының былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және биыл атқарылуы тиіс міндеттер сараланып, кемшін түскен тұстар нақтыланды. Жиынға аудан, қала әкімдері, басқарма, кәсіподақ ұйымдарының басшылары, ардагерлер кеңесі мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы жайлы баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов экономиканың өсу қарқыны 114,8 пайызды құрап, Мемлекет басшысының тұрақты өсімді қамтамасыз ету тапсырмасы орындалғанын айтты.
– Мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдер 313 млрд. теңгеден асты, оның ішінде тек жергілікті кірістер 118 млрд. теңгені құрады. Салалар бойынша ауылшаруашылығында өсім 3 пайызды, өнеркәсіп 3,4 пайызды, тұрғын үйді пайдалануға беру 15,2 пайызды құрады, құрылыс жұмыстары 1,5 есе және сауда көлемі 1,2 есеге ұлғайды. Өнеркәсіпте 11 жүйе құраушы кәсіпорынның өнім көлемі 175,5 млрд. теңгені құрады. Бұл жалпы өнеркәсіп өндірісінің 50 пайыздан астамын қамтамасыз етті. Өткен жылы 15 жаңа өндіріс енгізіліп, 2 қолданыстағы кәсіп- орын кеңейтілді, қосымша 310 жұмыс орны құрылды. Жалпы облыс экономикасына 1,4 есе өсіммен 522,3 млрд. теңге инвестиция тартылды, оның ішінде жеке инвестициялар 394,2 млрд. теңгені құрап, былтырғы деңгейден 1,7 есе асып түсті, ал жалпы көлемдегі үлесі 75,5% жетті, – деген Әсет Серікұлы әр саладағы жетістіктерге кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, облыстағы кемшіліктерді де баяндады.
Мәселен, «Қазсиликон» ЖШС жабылып қалғандықтан Қаратал ауданында өндіріс көлемі 72,1 пайызға қысқарған. Өндіріс көлемін қысқартқандардың қатарында «Суфле Қазақстан» ашытқы, «Уыз Май Индастри» ЖШС, Жаркент полипропилен, «Текелі тау-кен өңдеу кешені» ЖШС өндірістері бар. Жиында аудан әкімдерінің ірі инвестор таба алмай отырғаны және әр саладағы кемшіліктер қозғалды. Атап айтсақ, ауылшаруашылығында су шаруашылығы нысандарының 70 пайызға дейін және ауылшаруашылығы техникасының тозуы 52 пайызға дейін жетіпті. Бұл суармалы жерлерді игермеу қаупін тудырады. Жалпы ауылшаруашылығы саласында жоспарланған 13 жобаның 6-уы ғана жүзеге асырылған. Ал құрылыс саласындағы жұмыс көлемінің жоғары өсіміне қарамастан, аудандарда жылдан-жылға шегеріліп, құрылысы бітпей қалған нысандар көп. Ал саудада өсім тек Талдықорған қаласы мен Панфилов ауданында ғана екен. Сондай-ақ, спортқа қыруар қаржы бөлініп, көптеген нысан салынғанымен сала тұралап тұрғаны, ел абыройын асқақтататын спортшылардың аздығы сөз болды.
Жиын барысында Сарқан, Ескелді аудандары мен Текелі қаласының әкімдері және басқарма басшылары алдағы жоспарларын баяндап, өзекті мәселелер неге шешілмей жатқанын, алдағы уақытта қалай шешетінін айтты.
Облыс әкімі түйткілді мәселенің түйінін шешу бойынша жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді.
– Бүгінгі облыстық жиында біз аймақтың дамуы мен Президент берген тапсырмаларды жүзеге асыру бойынша жоспарымызды нақтылап, облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарын, жүйелі проблемалық мәселелерді шешу механизмдерін айқындап алу үшін бас қосып отырмыз. Мемлекет басшысымен агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру мәселесін тапсырды. Осыған орай көбірек табыс әкелетін дәнді-дақылға көшуді жалғастыру қажет. Сондай-ақ, өнімді сақтау және оны терең өңдеу мүмкіндіктерін арттыру маңызды. Малдың жұқпалы ауруларына қатысты ахуалды, соның ішінде екпе егу мәселесін ерекше бақылауда ұстаған жөн. Мал шаруашылығының экспорттық әлеуеті осыған байланысты. Осыған орай, аудан мен қалалардың әкімдері барлық жоспарланған инвестициялық жобаларды іске асыруды қатаң бақылауға алып, уақытылы іске қосылуын қамтамасыз етуге тиіс. Сондай-ақ, жер учаскелерін, бос ғимараттарды, салықтық жеңілдіктерді, мемлекеттік қолдауға қолжетімділікті және өзара іс-қимылдың ашық тетіктерін ұсына отырып, инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасау қажет, – деген облыс әкімі әр салаға жеке-жеке тоқталып, аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына нақты тапсырма берді.
Жиын соңында облыс әкімі 2024 жылдың қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани өркендеуіне қомақты үлес қосып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгендерді марапаттады. Жыл қорытындысы бойынша Панфилов ауданының әкімдігі «Үздік аудан – 2024», облыстық құрылыс басқармасы «Үздік басқарма – 2024», Жетісу телеарнасы «Үздік мекеме – 2024» атанды. Облыстың өркендеуіне сүбелі үлес қосып, адал еңбек еткен, өз салалары бойынша тиімді басшылық қызмет атқарған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Рауан Дауталиновқа, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменовке, жер қатынастары басқармасының басшысы Ермек Әпековке, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Жеңіс Андабековке, Ескелді аудандық мәслихатының төрағасы Қанат Сатановқа «Адал қызметі мен еңбегі үшін» арнайы Алғыс белгісі табысталды.
Айдар ҚАЛИЕВ
Суретті түсірген Жеңіс ысқабай