Былтыр Панфилов ауданының диқандары жалпы 25 мың гектардан гектардан астам алқапқа жүгерінің түрлі сұрыпын өсіріп, 160 мың тоннадан астам өнім жинаған болатын. Олар биылғы көктемгі егіс жұмысына да жақсы дайындықпен кірісті. Жалпы 26 мың гектардан астам алқапқа жүгері өсірілмек. Бұдан тыс 14230 гектарға көп жылдық шөп, 1345 гектар алқапқа картоп, 1202 гектарға көкөніс, мың гектардан астам жерге масақты дақылдар және басқа да ауылшаруашылық өнімдерін егу жоспарланған.
Өңірде 6 элиталық жүгері және бір қызылша тұқымын өсіретін шаруашылық бар. Олардың күшімен осыған дейін 1280 тонна жүгері, 7 тонна қант қызылшасының тұқымы сатылуға дайындалды. Жүгерінің ерте және орта мерзімде пісіп жетілетін сұрыптарын жергілікті тұқым өсірумен шұғылданатын жеке шаруа қожалықтары қамтамасыз етіп отыр. Ал кеш пісетін сұрыптарының тұқымы Еңбекшіқазақ ауданындағы «Балтабай» шаруашылығынан және Ресейден сатып алынады.
– Бүгінгі күні өңірде 4350 тоннаға жуық минералды тыңайтқыш сатып алынды. Көктемде жыртылатын жердің 30800 гектардан астамы ылғалдандырылған, қазірге 742 гектардан астам жерге масақты дақылдар, 500 гектарға көп жылдық шөп егілді, –дейді аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Жұмағазы Наймантаев.
Айта кетерлігі, өңір егіншілері жаңа технологияларды қолдануға ерекше ден қойып келеді. Әсіресе тамшылатып суару әдісі тиімділігін танытып тұр. Аудан бойынша 1772 гектар егістік алқабында жаңа технология пайдаланылуда. Оның ішінде «Көктал-Агро» ЖШС 290 гектар егістік алқабын тамшылатып, 300 гектар көп жылдық шөбі мен жүгерісін жаңбырлатып суаруды бастағалы екі жыл болса, өткен жылдың күзінен бастап Қоңырөлең ауылдық округінің диқандары 72 гектар көпжылдық шөпті жаңбырлатып суаруды қолға алды. Бұл егін суаратын суды үнемдеуге айтарлықтай көмегін тигізіп келеді.
Аудан диқандары табиғи құнарынан айырылған суармалы жерлерден тыңайтқыш арқылы мол өнім алуға дағдыланып келеді. Сәуір айының орта шеніне дейін аудан егіншілері 4350 тонна минералды тыңайтқыш сатып алыпты. Мал қораларынан шыққан көңді алқаптарға шашу арқылы да жерді тыңайту жұмысын жүргізуде. Биыл аудан бойынша жалпы 17700 тонна органикалық тыңайтқыш егістіктерге сіңірілді.
Панфилов ауданындағы жүгері егістігін игеру жұмысы толықтай техникаға тәуелді. Сондықтан өңірдегі жеке шаруа қожалықтары тапқан табысының басым бөлігін ауылшаруашылық техникаларын сатып алуға жұмсап жүр. Яғни, өңірде ауылшаруашылық техникаларының паркі жыл өткен сайын жаңаруда.
Үстіміздегі жылы көктемгі егін егу науқанына ауданда 500-ден астам доңғалақты, 85 шынжыр табанды трактор, 245 соқа, 36 тұқым сепкіш және 511 жер тырмалағыш дайындалды. Бұдан тыс үстіміздегі жылдың алғашқы үш айында ғана жаркенттік шаруалар 342 миллион теңгеге 23 ауылшаруашылық техникасын сатып алды, оның 21-і доңғалақты трактор.
Қысқасы, Жаркент өңірінің егіншілері көктемгі егін егу науқанына биыл да тыңғылықты дайындалып, іске кірісті.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы





