Кеңес кезінің заңдылығы бойынша октябрят, пио- нер, комсомол талабын орындап, жарғысын жаттап, антымызға адалдық танытып, 1986 жылы мектепті де тамамдадық.Сол саясатпен тәрбиелене берсек орыс- танып, бодандықтың қамытын киетін едік.
38 жылға шегініс
Тіл мен діннен ажырату құйтырқылығының жүріп жатқанын байқамадық. Себебі, 70 жылғы насихат санамызды жаулап алған. Бірақ, арман қуып Алматыға келген жастар ата-баба дәстүрінің уызына қанып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп ортаға адалдық танытқан тәлімді жастар еді. Бағымызға қарай 1986 жылы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, үлкен өмірге қадам бастық.
Біз оқуға түскен жылы университет басшылығы оқуға республиканың 19 облысынан да студент қабылдау туралы шешім қабылдапты. Бұл 1986 жылғы жоғары оқу орындарындағы соны жаңалық еді. Жағымды жаңалықтың айқын дәлелі еліміздің әр аймағынан келген курстастарымыз. Журналистика факультетінің қазақ бөлімі 101-топ және 102-топ болып, екіге бөлінді. Ең қызығы, 102-топқа кілең мектеп бітіре салып оқуға түскен, үйден алысқа ұзап көрмеген, адамзаттың бәрін дос санайтын аңғал ұл-қыздар жиналыпты. Сондықтан болар, студенттер өзара бізді «Сарыауыз балапандар» деп атайтын.
Ауыл баласына Алматыдай үлкен шаһарға үйрену, үйлесу қиынның қиыны. Дүкенге бара қалсам орысшам жетпей, сатушының алдында сасқалақтап, ұяттан бетім қызарып, екі ауыз сөздің басын қоса алмай «тіл білмейді» деп айтпасын деп намысқа тырысқан сәттерім әлі есімде. Бірақ қазақтың зерделі, зерек жастары ондай сынаққа мойымады. Қалалық бір-екі студенттен басқамыз ҚазМУ-дің қалашығын, журналистердің алтын бесігі – 5-ші жатақхананы мекен еттік. Ол кезде студенттерді күзгі ауылшаруашылық жұмысына апаратын. Сол жерде жүріп, бір-бірімізге бауыр басып үлгердік. Ауылды сағынғанымыз болмаса студенттік шақтың қызыққа толы күндері өтіп жатқан еді.
Тобымызбен қатыстық
Бұл бізді есеңгіретіп барып есейткен, қылышынан қан тамған қызыл әскерге қарсы шығып, сарыауыз балапаннан қыран бүркітке айналған ұмытылмас шақ еді. Сынақтан сүрінбей өтіп, бірлігімізді сақтап, Алаш ұландарының қандай болатынын дәлелдеген тарихи күн. Желтоқсан оқиғасына тобымызбен түгел қатысқанымызбен әскер, полиция, Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті, комсомол комитетінің айыптауына қарсы шығып, бірде-бір курстасымызды оқудан шығартпай алып қалған ержүрек 102-топ түлектеріміз. Алдымыз алпысты алқымдасақ та әлі күнге дейін бір үйдің баласындай араласып-құраласып тұратын, бірлігі жарасқан курспыз. Сол күні Алаш ұранымен азаттықты аңсап шыққан 18-19 жастағы студенттер бүгінде еліміздің лауазымды тұлғаларына айналды. Барлығы жауапты қызметте. Біз курстастарымызбен мақтанамыз.
17 желтоқсан. …Аудиторияда сабақ өтіп жатқан. Есік жартылай ашылды да бөрікті жігіт тілдей қағазды парта үстіне лақтыра салды. Қағазда: «Кеуделеріңде қазақтың қаны болса, алаңға шығыңдар! Басқа ұлт өкілінің бізді басқарғанына жол бермейміз!» деп жазылыпты. Үзілісте бәріміз бір ауыздан алаңға барамыз деп келісіп, ғимараттан шығып кеттік. Көкейімізде: «Бұл не сұмдық? Қонаевты алып тастағаны несі?! Елдің жайы не болады?» деген сауалдар жаңғырады.
Қазақ журналистикасының негізін қалаған, қазақ публицистикасының теориясы мен практикасы туралы зерттеу жүргізген профессор ағайдың дәрісінен кету жүрек жұтқан жанның қолынан келер іс. Кету тұрмақ, Тауман ағай аудиторияға кірген соң есік қағуға ешкімнің құқы жоқ еді. Соғыс ардагері, тау тұлғалы Амандосов темірдей тәртіптің адамы. Бұл күні сабақтан ұлт намысы жоғары тұрды. Барлығымыз үлкендер тобындағы Айдар Елтүзеров, Нұржан Мауытов, Ұлбала Әлішева, Сейсен Ұлықбектің соңынан ердік. Тимирязев көшесімен алаңға қарай жаяу бет түзеп барамыз. Намыс кернеген жастар нағыз батырлардай жігерленген. «Кеудеңде қазақтың қаны болса» деген сөз санада жаңғырады. Тимирязев көшесіндегі аялдамаға жеткенде соңымыздан кураторымыз Мамытбек Қалдыбаев ағай қуып жетті. Яғни, профессордың сабағынан қашқанымыз университет басшылығына жеткен.
Кураторымыздың: «Балалар, кері қайтыңдар! Бұл қауіпті жол. Бармаңдар. Бәлеге ұрынасыңдар!» – дегені ұстаздық, ағалық қамқорлық еді. Жай күндері жайдары, зиялы, мінезге бай құрметті ағайымыздың жалынышты сөзі райымыздан қайтара алмады. Ағайдың жолымызды кес-кестегеніне қарамай қасынан өтіп кеттік.
Қаратаудың басынан көш келеді…
Алаңға күндізгі 11 шамасында жеттік. Тобықтан қар кешіп, арып-ашып келгенімізде сол кездегі Брежнев, қазіргі Республика алаңын әскер қоршап, ешкімді жібермей тұр екен.
Алаңның Сәтпаев көшесі жағында алпыс-жетпіс адам тұрмыз. Қара суық. Аспан түнеріп тұр. Жанымыз жаурап барады. Мөлшері бір сағаттай өткен соң алаңға бір шеттен қосылған мыңдаған шеруге қатысушы:
Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Қарындастан айрылған жаман екен,
Екі көзге мөлтілдеп жас келеді, деген «Елім-ай» әнін зарлата айтып келді. Сұсты көш алаңды қоршап тұрған әскерді бұзып-жарып ортаға өтті. Сол сәтте алаңның жан-жағынан келіп, қосыла алмай тұрған топтар бір-біріне қарай жүгірді. Санымыз көбейген соң күшіміз артқан сияқты көрінді. Бірақ, шеруіміз бейбіт еді. Кейіннен
«қазақ жастары бұзақылық жасады» деп жатты. Сарыауыз балапандарда қайдағы бұзақылық?! Барлығы «Кеудеңде қазақтың қаны болса» деген сөздің әсерімен келген. Біреумен жаға жыртысайын деген пиғыл ешкімнің ойы түгіл түсіне кірмейтін балаң шақ. Оған өз ойым куә. «Елім-айлаған» топ мың өліп, мың тірілген қазақтың азаттық аңсаған зарын қайта өршітті. Ешкімді басындыруға болмайтынын ұққан ұлттық сана жаңаша түледі.
Менің Қазақстаным
Қазақ жастары біріккен соң алаңдағы радиодан Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні ойнады. Ойпырым-ай, ән құдіретін айтсаңшы?! Жігерге жігер қосылды. Мұздай қаруланған әскерден қорқып тұрғанда шырқалған: «Менің елім, менің жерім. Гүлің болып егілемін, жырың болып төгілемін» деген ән намысымызды жанып, рухтандырды. Мінберге жақын жиналып, Қонаевты көргіміз келетінін айтып: «Елді Колбиннің басқаруына жол бермейміз, қазақты қазақ басқарсын!» деп ұрандаттық. Жастардың қолындағы плакаттардан «Әр халыққа – өз көсемі!», «Бірде-бір халыққа артықшылық берілмесін!», «Қазақстан жасасын!» деген жазулар оқылады. Кеш батқанда алаңға кіргізілген милиция жасақтары сойыл, қалқанмен жастарды ұрып-соға бастады. Өрт сөндіретін машиналар көпке суық су шашты. Ұстағандарды тиеп әкетіп жатты. Оларды ұрып-соғып, машинаға тиеп апарып, айдалаға төгіп тастаған. Курстастарымыз таяқ жеді, қуғынға ұшырады, уақытша отыратын темір торға қамалды.
Жыл сайын желтоқсан айы келгенде осы оқиға санамызда жаңғырады. Сол кездердің куәсі болған журналистика факультетінің 102-топ студенттері азаттықтың алғашқы қарлығашы іспетті. Кеңес одағына кірген елдердің егемендік алуына түрткі болған желтоқсаншылардың ерлігі ұмытылмауы тиіс. 70 жыл тоталитарлық жүйе саясатының тереңге тартқан тамырының опырылуына біздің де қосқан үлесіміз бар.
Мәртебе берілсе
Осы кезді еске алғанымызда курстасымыз Ғазиз Тастаев: «Желтоқсаншы мәртебесін беру мәселесі қолға алынбай тұр. Бізден кейін көтеріліске шыққан Баку, Тбилиси, Вильнюс жастары мәселелерін ЮНЕСКО көлемінде көтеріп, мәртебесін бекітіп алды. Біз әлі ақтала алмай келеміз», – деп желтоқсаншылардың жанайқайын жеткізді.
Желтоқсан оқиғасынан кейін Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қыспағына ұшыраған жастардың жүйке-жүйесі соққы алды. Бұл кездерді курстасымыз Қарашаш Райымбекова: «Қауіпсіздік комитеті адамдарының сұрағы, құйтырқы сауалдары, бопсалау, қорқыту, дүдәмал қағаздарға қол қойдыруы, «сендер наркомансыңдар», – деп айыптаулары санамызды сансыратты. «Алаңда суретке түсірілген адамдарды білем» деп жаз!» деген қорқыту-үркіту арман қалаға оқу-білім іздеп барған жастардың психикасына ауыр тиді. Желтоқсан айы келгенде санамды қорқыныш билейді…», – деп еске алады.
Курстың старостасы Ғазиз Тастаев пен комсорг Гүлмира Сұлтаналиева уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оларға күн сайын курс болып, тамақ апаратынбыз. Сол кезде желтоқсанға қатысқандардың бәріне қауіп төнді. Шетінен оқудан шығарып, ісін қарау мәселесі басталды. Сонда біздің курс ерлік жасады. Комсомол жиналысына түгел барып: «Біреумізді оқудан шығарсаңдар бәріміз кетеміз!» – деп қасқайып тұрып алдық. Бүкіл бір курс, топтың оқудан кету туралы шешім қабылдауы университет басшылығының үрейін тудырды. Бірақ, бәріміздің арғы жағымызда «оқудан шығып, ауылға барсақ ел-жұрттан ұят болады-ау» деген алаңдаушылық та тұрғаны жасырын емес еді. Бірақ, университеттің комсомол комитеті әділ шешім шығарып, бізді ақтап алды. Сол кездегі комсомол комитетінің төрағасы Әміржан Қосанов курстың сөзін сөйлеп, ешкімнің жауапқа тартылмауына себепші болды.
Кураторымыз Мамытбек Қалдыбаев, профессор Тауман Амандосов лекциядан қашып кеткенімізге қарамай ұлт үшін батыл шешім қабылдап, алаңға шыққанымызды қолдап, бізді қорғап қалыпты.
Желтоқсан көтерілісі жайлы айтар естелік көп. Желтоқсан көтерілісінде көптің алдында жүрген досымыз марқұм Омаш Мырзалиевтің ерлігін ерекше айтуымыз керек. Қалам-қарасу ауылында Омаш оқыған мектепте курстасымызға арналып, ескерткіш-тақта орнатылды. Оған бірнеше курстасымыз барып, Желтоқсан көтерілісі жайлы естеліктермен бөлісті. Әлі де айта, жаза жатармыз. Сол кездегі біздің батыр 102-топтың ерлігі, ауызбірлігі барша қазақ жастарына үлгі болуы тиіс. Қазыбек би айтпақшы: «Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан ел екенімізді» ұмытпайық!
Толқын Сайдуова,
журналист
Алматы қаласы