Тірлік сапары шектелгеніне 40 жылға жуық уақыт өтсе де соңында қалған «Ақ қайың», «Салтанат», «Қыран», «Алыс көкжиек», «Сокол», «Маржан», «Жүрегімнің шұғыласы», «Прометейдің аспанға қарап айтқаны» атты жыр кітаптарымен оқырманына олжа салған көрнекті ақынның әдеби мұрасы «Әділбек Абайділдановтың шығармалары» деп аталатын «Фолиант» баспасының өнімімен толықты.
Бұдан 10 жыл бұрын жарық көрген шығармалар жинағын ақынның туған еліндегі Қарабөгет ауылдық кітапханасына Ә. Абайділдановтың тұңғыш перзенті Ботагөз Әділбекқызы табыс етті.
Сарқан ауданының Қарабөгет ауылдық Мәдениет үйінде өткен «Жүректегі жаңғырық» атты ақынды еске алу кешінің бұрынғыдан өзгерек болуының себебі бар. Бұған дейінгі танымдық шараларға қатыса алмаған ұрпақтарының өтінішімен өткен әдеби-сазды кеш қатысушылардың көкейіне жарқын із қалдырды. Ақынның Ботагөз, Құралай атты қыздарының, күйеубаласы Мұхамедханның сағынышты лебізі аңсарлы басқосудың шырайын арттыра түсті.
Қазақстан Жазушылар одағы Жетісу облыстық филиалының бастамасымен, Қарабөгет ауылдық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен бұл әдеби шараға Жетісу облыстық халық шығармашылығы орталығы да атсалысты. Рухани шараны Сарқан ауданы әкімінің орынбасары Алмас Ажарханұлы кіріспе сөзбен ашып, ақын-жазушылар, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаттары Нұрила Бектемірова, Жомарт Игіман, ақын Жангелді Немеребай, Жетісу облыстық М. Тынышпаев музейінің бөлім басшысы Қалқаман Әбдірахман, әнші-сазгер Нұржан Ахметбеков, тарихшы, әділбектанушы Мырзахан Қабасұлы естеліктерімен бөлісіп, ақын есімін мәңгілікке қалдыру жөніндегі ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Сол күні ауылдық Мәдениет үйінің сахнасында Әділбек ақын өлеңдері қайта жаңғырып, ауыл өнерпаздары қойған концерт көрермендер көңілінен шықты.
Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ
Сарқан ауданы





