2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылардың саны 244,3 мың адамды құрады, деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Оның ішінде 188,1 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалған. Жыл басынан бері төлемдердің жалпы сомасы 73,2 млрд теңгені құрады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жұмыстан босатылған азаматтарға міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына қарай 1 айдан 6 айға дейін әлеуметтік төлем тағайындалады. Оның мөлшері жоғалған табыстың 45 пайызына дейін МӘСҚ қаражаты есебінен төленеді.
Әлеуметтік төлемді алу үшін жұмыстан босатылған азамат:
-
eGov.kz порталында авторизацияланып, «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін рәсімдеуі керек;
-
өтінімді ЭЦҚ арқылы жіберген соң, бір күн ішінде мансап орталығы бос жұмыс орындарын ұсынады;
-
егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі.
Сонымен қатар бұл қызметті enbek.kz порталы арқылы онлайн рәсімдеуге болады. Жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесі проактивті түрде SMS-хабарлама жібереді. Келісім берілген жағдайда әлеуметтік төлем автоматты түрде тағайындалады.
МӘСҚ қаражаты есебінен берілетін бұл төлем жұмыстан шығу себебіне қарамастан төленеді және азаматты жаңа жұмыс іздеу кезеңінде қолдауға арналған.





