Әдебиет тарихында кітап бетінен асып, өмірдің өзіне айналған шығарма көп. Соның бірі – Орхан Памуктің «Сезім музейі». Жазушы романды жазып қоймай, кейіпкерлер тағдырын шынайы өмірмен сабақтастырып, Ыстамбұлда сол шығармаға арнап музей ашты.
Орхан Памуктің «Менің атым – Қырмызы», «Үнсіз үй», «Жаңа өмір», «Ақ қамал», «Менің оғаш ойларым» т.с.с романдары көпшілікке жақсы таныс. Солардың ішінде Маржан Ершу қазақ тіліне аударып, «Фолиант» баспасынан (2016 жылы) жарық көрген «Сезім музейі» оқырман ықыласына бөленді.
Роман Кемал мен Пүсіннің тағдырына құрылған. Бай отбасынан шыққан кәсіпкер Кемал бар ғұмырын бір ғана сезімге арнайды. Сүйгеніне қосыла алмаса да жүрегіндегі махаббатқа адал болады. Қаламгер махабаттың адам тағдырын қалай өзгертетінін Кемалдың өмірі арқылы әсерлі жеткізеді.
Шығарманың басты ерекшелігі – романның музейге айналуы. 2012 жылы Ыстамбұлда ашылған «Сезім музейі» бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінен жиі баратын орынға айналды. (Роман қолында жүрген оқырман музейге тегін кіреді). Төрт қабатты мұражайдағы әрбір жәдігер шығармадағы оқиғаларды еске түсіреді. Пүсіннің көйлегі, сырғасы, шаш қыстырғышы, аяқкиімі, әшекейлері, тұрмыста пайдаланған бұйымдары, тіпті кереуеті де сақталған. Қабырғада Кемалдың: «Бәрі де білсін. Мен бақытты ғұмыр кештім!» деген сөзі жазылған.
Мұндағы заттардың әрқайсысының өз тарихы бар. Кемал Пүсінге барған сайын үйінен бір бұйымды өзімен бірге алып отырған. Кейін Пүсін дүние салған соң анасының рұқсатымен қолданған заттарын музейге жинаған. Коллекцияның ең ерекше бөлігі – Пүсін шеккен 4213 темекінің тұқылы. Кейбірінің астына күні мен сол сәтке қатысты жазба қалдырған.
Орхан Памук музей ашу идеясын Нобель сыйлығын алғанға дейін ойластырған. Саяси жағдайға байланысты жәдігерлерге зиян келуі мүмкін деген қауіппен арнайы күзетші жалдап, оның жалақысын өз қалтасынан төлеген. Кейін достарының қолдауымен көптен күткен арманын жүзеге асырған.
Роман оқиғасы өткен ғасырдың 70-ші жылдарындағы Түркия өмірімен астасады. Сондықтан музейден сол кезеңнің газет-журналдары, фотосуреттері мен тұрмыстық бұйымдары орын алған. Пүсін қатысқан сұлулық байқауы туралы газет те сол дәуірдің үлгісімен қайта басылған.
Орхан Памуктың шығармашылық жолына үңілсеңіз, бала күнінен суретші болуды армандағанын байқайсыз. Инженерлер әулетінде өскен қаламгер әкесінің қалауымен сәулет өнеріне бет бұрғанымен, ақыры әдебиетті таңдайды. (Жазушы өмір жолын «Стамбұл. Естеліктер қаласы» атты мемуарлық еңбегінде кеңінен баяндайды).
Қаламгер бөліскен тағы бір дерек назар аударарлық. Кемалдың прототипі – Ыстамбұлдың Нишанташы ауданында тұрған, өзінен 5 жас үлкен көршісі. Кейіпкердің мінезі мен болмысын сомдауда сол адамның кейбір қырлары арқау болған.
Орхан Памуктың армандарының бірі – Лев Толстойдың «Анна Каренина» романына арналған махаббат мекенін ашу. Жазушының қиялындағы музейде Аннаның көйлегі, қызыл сөмкесі мен мінген пойызы көрініс табуға тиіс. Бұл туралы ол РИА журналына берген сұхбатында айтады.
Жалпы «Сезім музейі» романы 83 тараудан тұрады. Онда бүгінде 65 витрина қойылған. Автордың айтуынша, қалған экспозициялар да біртіндеп толықтырылады. Демек романның өмірі сөре кеңістігінде жалғасып келеді.
Бір қарағанда шығарманың атауы да қызығушылық тудырады. Түрік тіліндегі түпнұсқа «Бейкүнәлік музейі» деген мағына береді. Ағылшын тілінде «Кінәсіздік музейі», қытай тілінде «Кіршіксіз музей» деген атаумен жарық көрген. Ал қазақша нұсқасын аударған Маржан Ершу әуелде «Пәк музей», «Саф музей» деген атауларды қарастырған. Ақыры қазақ оқырманына жақын естілетін «Сезім музейі» атауын таңдаған.
Романды оқып шыққан соң санада бір ой қылаң берді. Шығарманың желісі Кемал мен Пүсіннің махаббатына құрылған. Музейдегі әрбір жәдігер де сол сезімнің белгісі. Осы тұрғыдан алғанда «Сезім музейінен» гөрі «Махаббат музейі» атауы шығарма табиғатына жақындай түсетіндей әсер қалдырады.
Тегінде жалт еткен сезімнен қарағанда махаббат мәңгілік емес пе?!
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





