Мемлекеттік қызметшілер күніне орай Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтау жариялап, мемлекеттік қызметтің елдің тұрақты дамуы мен қоғамның әл-ауқатын арттырудағы маңызды рөлін атап өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Министр өз құттықтауында Мемлекеттік қызметшілер күні – мемлекет пен қоғам мүддесі үшін адал еңбек етіп жүрген қызметкерлерге көрсетілетін құрмет пен ризашылықтың белгісі екенін айтты. Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігі, жауапкершілігі мен халыққа қызмет ету қағидаттарына беріктігі ел дамуының негізгі факторларының бірі екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, мемлекетке қызмет ету – үлкен абырой әрі аса жауапты миссия. Мемлекеттік қызметшілер заң мен тәртіп қағидаттарын орнықтыруға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге маңызды үлес қосып келеді. Мемлекеттік қызмет жоғары жауапкершілікті, терең білім мен кәсібилікті талап етеді, – деді Аида Балаева.
Министрдің айтуынша, мемлекеттік аппарат жұмысының сапасы жүзеге асырылып жатқан реформалардың нәтижелілігіне, қоғамның билік институттарына деген сеніміне және еліміздің орнықты дамуына тікелей әсер етеді.
– Бүгінде Қазақстан Әділетті әрі Қуатты мемлекет құру жолында дәйекті қадам жасап келеді. Бұл ауқымды өзгерістердің негізінде азаматтардың құқығы мен бостандықтарын қамтамасыз етуге бағытталған жаңарған Конституция мен әділдік қағидаттары жатыр, – деп атап өтті министр.
Сондай-ақ вице-премьер мемлекеттік қызметшілердің ел дамуы жолындағы ерекше рөліне тоқталды.
– Осы стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруда мемлекеттік қызметшілерге айрықша жауапкершілік жүктеледі. Олардың кәсіби біліктілігі, адал еңбегі мен жоғары азаматтық ұстанымы – еліміздің өркендеуіне қосылған маңызды үлес, – деді ол.
Құттықтау соңында Аида Балаева мемлекеттік қызмет саласының өкілдеріне ізгі тілегін арнады.
– Сіздерді Мемлекеттік қызметшілер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке, толайым табыс, қажымас қайрат, халық игілігі жолындағы жауапты қызметтеріңізге жаңа жетістіктер тілеймін. Еліміздің дамуы мен өркендеуі жолындағы еңбектеріңіз әрдайым жемісті болсын! – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі.





