Облыс орталығындағы Достық үйінде республикалық форум аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай салтанатты шара өтті. Оған облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ арнайы қатысты.
Облыстық ҚХА мүшелері, этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері, депутаттық топ мүшелері мен жастар қатысқан салтанатты шара ҚР Әнұранымен басталды.
Мерекелік кездесуде облыс басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуына арнаған құттықтауын оқыды. Онда Мемлекет басшысы өз құттықтауында ғасырлар бойы берекелі бірлігі мен туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігінің арқасында ең күрделі сынақтар мен қатерлерді еңсере білген берекесі мен бірлігі жарасқан халыққа алғыс айтты. “Ассамблея ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру, отаншылдық пен ынтымақтастық, жасампаздық пен жауапкершілік сияқты басты құндылықтарды дәріптеу жолында айрықша рөл атқарады», – деген Мемлекет басшысы ҚХА-ның жылдар бойы халқымыздың ынтымағын нығайтуға, қоғамдағы өзара түсіністік пен келісімді сақтауға өлшеусіз үлес қосқанын айта келе, осы ұйымның белсенді қызметі арқылы еліміздегі барлық этностың тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін үйлесімді дамытуға, сондай-ақ қазақ тілінің этносаралық қатынас тілі ретіндегі мәртебесін көтеруге жол ашылғанын атап өтті.
Мұнан кейін аймақ басшысы Бейбіт Өксікбайұлы Жетісу облысында бір шаңырақ астында татту-тәтті ғұмыр кешкен тарихы ортақ, тағдыры бір 70-тен астам ұлт пен ұлыс барын, өңірде 21 этномәдени бірлестік жұмыс істейтінін айтты.
– Бүгінгі күн нағыз берекенің бастауы екенін ұмытпайық. Тарихқа көз жүгіртер болсақ, Талдықорған қаласында 1991 жылы алғаш рет Жетісу халқының жиналысы өтіп, онда «Ұлттық мәдени орталықтар қауымдастығы» құрылды. Еліміздегі алғашқы Достық үйі де Талдықорғанда ашылды. Бір шаңырақ астында бірлігіміз бен берекеміз жарасып өмір сүріп келе жатқан әрбір жанға алғыс айтамын, – деді.
Облыс әкімі Ассамблея ардагерлеріне бейбітшілік пен келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, Ассамблеяның құрылымдық бөлімшелері мен этномәдени бірлестіктердің өкілдерін марапаттады. Облыс әкімінің Құрмет грамотасымен Алматы облысының құрметі азаматты, ҚХА ардагері Светлана Гаитова, «Вайнах» шешен ингуш этномәдени орталығының мүшесі Асет Ибрагимова, Қаратал аудандық Аналар кеңесінің төрағасы Ұлболсын Досмолданова, Панфилов ауданындық ұйғыр этномәдени орталығы ҚБ ардагері Рахимжан Тохтахунов, “Облыстық славян қозғалысы» қоғамдық бірлестік ардагері Виктор Никифоров және бірнеше азамат Алғыс хатпен марапатталды.
Марапаттау сәтінен кейін Достық үйіндегі «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» ескерткіш тақта сы ашылып, іс-шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
– Ұлтаралық татулық пен ынтымақтастықты насихаттау — біздің міндетіміз. Біз қиын қыстау кезде құшағын ашып, барша халықты бауырына басқан қазақтай текті халыққа мәңгі қарыздармыз. Қазақстандағы достық пен бірліктің айқын көрінісіне сызат түспесе дейміз. Отан – бұл рухтың бірлігі, ниет пен мақсаттың тұғыры. Сондықтан да ұлтаралық келісім мен елжандылықты сақтау әрбір азаматтың міндеті. Бүгінгідей айтулы күнде облыс әкімінің қолынан Құрмет Грамотасын алып, мерейіміз артып жатыр. Бұл біздің татулығымыздың, бірлігіміздің жемісі деп білемін. Ең бастысы — заманымыз тыныш, еліміз аман болсын! Аналық жүрегіммен қазақ еліне бас иіп, алғыс айтамын, – дейді Алматы облысының Құрметі азаматты, ҚХА ардагері Светлана ГАИТОВА.
Еңлік Кенебай