Екінші дүниежүзілік соғыс талай адамның жанына жара салып, сәби шақтарын ұрлағаны жасырын емес. Сол кездегі балалардың ерте есейіп, еңбекке ерте араласуына түрткі болды. Соғыспен қатар еңбектің көрігін қыздырған тыл ардагерлерінің де қатары сиреп барады. Асылында олар да қандай құрметке болсын лайық.
Қазіргі таңда қала бойынша 644 тыл ардагері бар. Оларға сый көрсету бүгінгі буынның борышы. Осы орайда қала әкімі Ернат Бәзіл еңбегі ерен тыл ардагерлерін Халықаралық аналар мерекесімен құттықтап, шаңырақтарына барып қайтты.
Рашида Колупаева 1924 жылы 3 мамырда Талдықорған қаласында жұмысшы отбасында дүниеге келген. Соғыс басталып кетіп мектепті бітіре алмаған. Өзінен үлкен ағалары майданға аттанып, әкелері болса еңбек әскерінің қатарына алынады. Рашида анамыз мектепті тастап, бауырларын тамақтандыру үшін жұмыс істейді. Алдымен аудандық партия комитетінің бірінші хатшысының қабылдау бөлмесінде техникалық хатшы, кейіннен облыстық атқару комитетінің аппаратына хаттамалық бөлімнің меңгерушісі болып ауыстырылады. Онда 1947 жылға дейін қызмет етіп, артынша комсомол бағыттары бойынша «Тельман», «Красный пахарь» және «Молотов» ұжымшарында жұмыс істейді. 1946 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталады. 1954 жылы облыстық баспаханаға есепші болып орналасып, сол жерде экономист-бухгалтер лауазымына ауыстырылады. Сөйтіп облыс баспаханасында 48 жыл ғұмырын өткізеді.
Галина Саенко ҚР Мәдениет саласының ардагері. Биыл 79 жасқа толып отыр. Осы салады 40 жылдан аса қызмет етіп, сан жылдық еңбегінің арқасында «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталған.
– Бізді ұмытпай елеп, ескеріп жүргендеріңізге көп рахмет. Бастысы Отанымыз тыныш болсын. Мен 1962-2001 жылдары аралығында «Қуыршақ» театрында қызмет атқардым. Небір жастарға сабақ беріп, тәрбиеледік. Олардың кейбірін әлі танып біліп отырамын. Жеткен жетістіктеріне қуанамын. Еңбегіңнің жемісін көрудің өзі бір бақыт, – дейді Галина Саенко.
Ал Сейілхан Қасенова 90 жаста. 40 жыл үкіметтің қойын баққан нағыз еңбек адамы. Тыл ардагерінің 11 баласы, 30 немересі мен 50 шөбересі бар. Бүгінде 2 шөпшек сүйіп отыр. Кейуана үйіне келген ел азаматтарына батасын беріп, ақжарма тілегін арнады.
Медет ЖҰМАБАЙ