Ақпарат аламанында адамзаттық құндылықтан тартып, мемлекеттің болашағын бағамдап, өткенін зерделейтін журналистер қауымының еңбегі ерен. Қоғамның қозғаушы күшіне айналған, билік пен бұқара арасындағы алтынкөпірлік міндетті адал атқарып жүрген Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің төл мерекесі биыл айрықша өтті. Ақордада ел Президенті мәртебелі мамандық иелеріне мемлекеттік марапаттарды табыстап, журналистер қауымының еңбегін ерекше атады. Мерекеге орай Жетісу жерінде жалғасын тапқан салтанатты жиында екі БАҚ қызметкері баспана бақытына бөленіп, сала ардагерлері мен еңбегі ерен журналистер, жас тілшілер құрмет төрінен көрінді.
І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайына таңнан жиналған тілшілер қауымы төл мерекесін тебіреніспен бастады. Бірі ардагер ұстаз, тәлімгерлерімен дидарласып, аталы сөзін ақ дастарқан басында тыңдаса, бірі мерейленіп жатқан әріптестерін алғаусыз пейілмен құттықтап жүр. Ал бұл сәтте аймақ басшысы Бейбіт Исабаев облыстық әкімдік ғимаратында Президенттің атынан екі БАҚ өкіліне пәтер кілтін табыстады. Масс-медиа өкілдеріне жылы құттықтауын жеткізген облыс әкімі Мемлекет басшысы күні кеше журналистермен болған салтанатты жиында «…сапалы хабар таратып, қажырлы қызмет етіп жүрген аймақ тілшілерінің еңбегін елеусіз қалдыруға болмайды…», – деп атап өткенін жеткізіп, бұл мемлекет тарапынан медиа саласы қызметкерлерінің әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға көрсетіліп отырған айрықша қамқорлықтың көрінісі екеніне тоқталды. Пәтер иелеріне «Жаңа баспана жетістіктің бастауы болсын» деген тілегін жеткізді.
Өз кезегінде жаңа пәтерге ие болған «Jetіsý» газетінің тілшісі Медет Жұмабаев пен «Жетісу» радиосының редакторы Сымбат Елебекова Мемлекет басшысына деген алғыстарын айрықша тебіреніспен айтты. Іші жиһазбен, тұрмыстық техникалармен жабдықталған пәтерлер жаңадан салынған тұрғын үйден берілгенін де айта кеткен жөн.
Мерейлі кеш осылайша қос ақпарат өкілінің баспана бақытымен ғана емес, әріптестері үйлі болғанға тебіренген тілшілердің де ортақ жетістігімен желпіне бастау алды. Мәдениет сарайындағы алқалы жиында облыс әкімі Бейбіт Исабаев құттықтау сөз сөйледі.
– Күні кеше елордада БАҚ саласы қызметкерлерімен кездесуде сөйлеген сөзінде Президентіміз Қасым- Жомарт Тоқаев «Дәстүрлі БАҚ қым-қиғаш уақиғалар нөпірінде қоғам үшін ақпарат айдынындағы компас, тіпті идеологиялық бағдар рөлін алдағы уақытта да атқара береді… Ақпарат саласының қызметкерлері қашанда ұлт сапасын жақсартатын құндылықтарды дәріптеу ісіне белсене атсалысуы қажет», – деп атап өтті. Бұл мерейлі міндетті өңірлік БАҚ өкілдері де абыроймен атқарады деп сенеміз. Жалпы, дәстүрлі, Жетісу журналистикасының ғасырдан астам тарихы бар. Отандық баспасөздің алғашқы қарлығаштарының бірі сонау 1918 жылдан бастап жарық көрген облыстық «Jetіsý» газеті. Басылым өзінің ғасырлық ғұмырында шын мәнінде қоғамдық диалогтың беделді алаңы бола алды, – дей келе бұл дәстүрді, облыстық «Вестник Жетісу» және аудандық газеттер, өңірдегі ақпараттық кеңістіктің басты брендтерінің бірі «Жетісу» телерадиокомпаниясы лайықты жалғастырып келе жатқанына тоқталды. Өңірлік журналистиканың үлгісін қалыптастырған ардагерлердің атын атап, өмірден озған тұлғаларға тоқталды. Кәсіби журналистиканың бағдары берік екеніне тоқталған ол, өз кезегінде рухани тұрғыдағы еселі еңбектерге ерекше тоқталды. Айталық, өңірлік телеарнаның кино бөлімі арқылы жарық көрген «Ұстаз», «Оқылмаған хаттар» ел көлемінде көрермен ықыласына бөленгенін айрықша атап өтті. Сондай-ақ Президенттің кітап оқу мәдениетін дамыту бастамасына орай «Jetіsý» газетінің бас редакторы Жұматай Оспанұлы мен «Egemen Qazaqstan» газетінің меншікті тілшісі Мұхтар Күмісбек «Мизам» әдебиет мектебін құрып, 500-ге жуық баланың кітап оқуына ықпал еткенін жеткізді.

Қай кезде де қоғамның алдыңғы шебінде жүріп еселі еңбек етер журналистерге кәсіби мерекелік құттықтау айтқан ол, бірқатар журналисті марапат мінберіне көтерді.
Айталық, газетіміздің ардагер журналисі Нүсіпбай Әбдірахымға «Құрмет» орденін тапсырса, «Талдықорған» газетінің курьері Сәуле Мускеноваға «Шапағат» медалін, «Кербұлақ жұлдызы» газетінің тілшісі Дина Дюсенбаева, «Жетісу» телерадиокомпаниясының продюсері Мәулен Несіпбеков, «Сарқан» газеті бас редакторының орынбасары Жақсылық Игімановқа «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін табыстады.
Облыс әкімінің жүлдесі үшін жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан «Құлагер» байқауының 9 аталымы бойынша жеңімпаз деп танылған Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнайы статуэтка, 500 мың теңгенің сертификатын табыс етті. Бұл байқауда 108 жылдық тарихы бар газетіміздің қос журналисі жеңімпаздар сапынан табылды. Олар «Үздік мақала» аталымында топ жарған бөлім меңгерушісі Гүлжан Тұрсын және «Үздік фото» аталымында жеңіс тұғырынан көрінген Жұмабай Мұсабеков.
Мәртебелі мамандық иелеріне арналған салтанатты шара соңы облыстық Дәнеш Рақышев атындағы филармониясы мен Мұқан Төлебаев атындағы ұлт аспаптар оркестрінің концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ





