Қазақ халқының тарихында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагерлердің орны ерекше. Солардың бірі – соғыс және еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз Тоқтарбай ҚАНАПИЯҰЛЫ.
Ардақты ардагер 1924 жылдың күзінде қазіргі Жетісу облысы, Ақсу ауданына қарасты Қызылағаш ауылында дүниеге келген. Әкесі Қанапия ұжымшарда бригадир, анасы Өсемғайша үй шаруасын атқарған. Жастайынан еңбекке араласқан ол 1931 жылы мектепке барып, 1939 жылы Қапал педагогикалық училищесіне оқуға түседі.
1942 жылы тамыз айында Қызыл Армия қатарына шақырылып, майданға аттанады. 1943 жылы Ташкентте радистер курсын аяқтап, Украина жеріндегі қанды шайқастарға қатысады. Днепр өзені маңындағы ұрыстарда ерлік көрсетіп, бірнеше рет жарақат алады. Киев пен Тбилиси госпитальдерінде емделіп, 1944 жылы елге оралады.
Бейбіт өмірде ұстаздық жолды таңдаған ол қазақ тілі, тарих, география пәндерінен сабақ беріп, кейін мектеп басшылығында қызмет атқарды. 1960 жылы Абай атындағы педагогикалық институтты тамамдап, білімін жетілдіреді. Ұзақ жылдар бойы ел болашағын тәрбиелеуге үлес қосады.
Ерен ерлігі мен еңбегі үшін II дәрежелі Даңқ орденімен, I дәрежелі Отан соғысы орденімен және көптеген медальмен марапатталған. «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мұғалімі», «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» атақтарын алған.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін қоғамдық өмірден қол үзбей, жас ұрпаққа ақыл-кеңесін беріп отырған абыз ақсақал үлкен әулеттің тірегі, ұрпағына өнеге болған Тоқтарбай Қанапияұлының ғибратты ғұмыры – елге қызмет етудің, Отанды сүюдің және адал еңбектің жарқын үлгісі.
Тоқтарбай Қанапияұлының өмір жолы мен қызметіне қатысты құжаттар бүгінгі күні архив қорларында ерекше құндылық ретінде сақтаулы. Оның жеке тектік қоры жүйеленіп, ғылыми сипаттама жасалған. Қор құрамында өмірбаяндық деректер, қызметтік іс-қағаздар, майдан жылдарындағы құжаттар, марапаттау қағаздары, Алғыс хаттар, фотосуреттер, қолжазбалар және түрлі ресми анықтама бар.
Бұл архив материалдары зерттеушілер үшін маңызды дерек көзі. Олар арқылы сол кезеңнің әлеуметтік жағдайын, соғыс жылдарындағы жауынгер тағдырын, кеңестік кезеңдегі білім беру жүйесінің дамуын зерделеуге мүмкіндік бар. Ардагердің жеке құжаттары жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуде, тарихи сананы қалыптастыруда үлкен рөл атқарады.
Архив қорындағы фотосуреттер мен құжаттар тек дерек ретінде ғана емес, тәрбиелік мәні зор рухани мұра ретінде бағаланады. Бұл материалдар көрмелерде, ғылыми еңбектерде, бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен пайдалануға лайық.
Бауыржан ҚАЛҚАМАНОВ,
облыстық мемлекеттік архивінің архивисті





