«Апат айтып келмейді» дейді ділмар халқымыз. Өзге өңірлердегідей, көктемгі су тасқынына қарсы шаралар Панфилов ауданында да жандандырылған. Аудан атқамінерлерінің айтуынша, апат бола қалған жағдайда қорғану шараларын шұғыл әрі сапалы ұйымдастыру, оның салдарын жедел жою, тұрғындар мен олардың мал-мүлкін аман сақтау сынды міндеттерді арқалаған төтенше жағдайға қарсы қарекет ететін мекемелердің дайындығын күшейтуді бақылауға алатын арнайы комиссия құрылған.
Арқас Алатауының мұздақтарынан бастау алатын Қорғас, Өсек, Тышқан, Шежін өзендері ауа райының құбылмалылығына сай түрліше мінез танытады. Биыл тауға қардың қалың түсіп, сәуір айында күннің күрт жылынуы өңірдегі барлық өзеннің буырқанып ағуына себеп болды. Кей өзендердің суы 2-3 есеге ұлғайды. Әсіресе, Қорғас, Тышқан, Өсек, Бурақожыр, Шежін өзендерінде сел тасқынының қаупі сейілмей тұр. Бұларда орташа жылдық су ағысы миллиардтаған текше метрге жеткен. Су тоспалары бұзылған жағдайда 12 мың шаршы метр жерді сел алу қаупі бар.
Ауданда су тасқынына қарсы шараларды жасау үшін жанармай қоры жасалмақшы. Сонымен қатар, өзендердің жоғары жағындағы арнасын түзету мен жағалауларын бекіту жұмыстары қолға алынған. Жалпы, апатқа қарсы тұрар қауқар бар. Тек табиғаттың тосын мінезіне жоспарлағандай әзірлік әлсіремесе болғаны.
Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы





