Аға буынның әскери ұжымдарға келіп, арнайы қонақ болып, жастарға тәлім беретін дәстүрі бар. Мұндай шара темірдей тәртіпті талап ететін шегарашыларды шыңдауға, еңбегі ерен ардагерлердің тәжірибесін үйренуге бағытталады. Осындай бір тамаша дәстүрдің жалғасы ҚР ҰҚК шегара қызметі Панфилов ауданы бойынша шегара басқармасында ұйымдастырылды.
Кезекті кездесудің қонағы «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігі Жетісу облыстық филиалының төрағасы, запастағы полковник Николай Мечетин.
Кеш барысында сөз алған ардагер шегара сақшыларына өзінің өмірлік тәжірибесін әңгімеледі.
– Шегараны қырағы күзетіп жүрген сақшыларға тұрғындар мол сенім артады. Біз сол сенімнен шығып қана қоймай, іс-әрекетімізбен өзгелерге үлгі де бола білуіміз керек. Себебі, шегарашылар темірдей тәртібімен бірге әдепті бұзбаған тәрбиенің де биік шыңы бола білген. Әскери ұжымның қоғамдық мүддесін қалтқысыз сақтауды өздеріңнен бастауларың тиіс. Бір-бірің үшін жанашырлық танытпасаңдар, әскери жолдастық көрсетпесеңдер, ойларыңыздың да бір арнаға тоғысуы қиын. Мұның барлығын өз басымнан өткен соң айтып отырмын. Біздің қызметте жүрген кездегі ұстанымымыз осындай болатын. Ұжымдық мүдденің басты құндылықтары өзгерген жоқ, – деген толыстағы полковник жұмыс барысындағы қиындықтар мен оқиғаларын айтты.
Сардар айтқан салиқалы әңгіме әр шегарашыға ой салды. Кештің тәрбиелік мәні зор болды. Саналы ғұмырын шегара шебіне арнаған ардагермен өткен тағылымды кездесу келешекте жалғасын табады.
Айдар ҚАЛИЕВ