Отан қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы. Осы қасиетті міндетті абыроймен атқарып жүрген жауынгерлердің бірі – 5571 әскери бөлімінің 6 жедел мақсаттағы батальонының аға жүргізушісі, келісімшарт бойынша әскери қызметші қатардағы жауынгер Аманкелді Асхат Ерболұлы. Ол жуырда жүрегінен шыққан жалынды жырын көпшілікке ұсынып, бөлімше сарбаздарының рухын көтерді.
Асхаттың «Бауыржандай батырдың ұланымыз…» деп басталатын өлең жолдары әскери өмірдің мәні мен маңызын, Отан алдындағы борышқа деген адалдықты айқын сипаттайды. Оның айтуынша, бұл туындыға шабыт берген – бөлімшеге аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлының есімінің берілуі.
– Бұл өлең арқылы мен өзіммен бірге сапта жүрген жауынгерлерге рух бергім келді. Әскери қызмет – тек мамандық емес, бұл – тәртіп пен табандылықтың жолы, – дейді Асхат.
Асхаттың шығармасы бөлімшенің күнделікті тыныс-тіршілігіне рухани серпін беріп, сарбаздар арасында патриоттық сезімді одан әрі күшейтті. Әскери бөлім басшылығы да бұл бастаманы оң бағалап, алдағы уақытта мұндай шығармашылық пен патриоттық рухты қолдайтындарын жеткізді.
Отан үшін қызмет етіп жүрген әрбір жауынгер – бейбіт өмірдің кепілі. Ал жүрегі жырға, рухы елге толы Асхат секілді сарбаздар – сол бейбіт күннің тірегі.
«Жетісу-Ақпарат»





