ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтің төрағалығымен ҚР Президентінің жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Жиында «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасының» орындалу барысы талқыланып, жемқорлықпен ұсталған қызметкерлердің басшыларын да жауапкершілікке тарту, отставкаға жіберу мәселелері қаралды.
Селекторлық режимде өткен отырыста республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті, Бас прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жетекшілері есеп берді. Халықты жұмыспен қамту мақсатында әзірленген «Жұмыспен қамту жол картасының» негізінде маңызды инфрақұрылымдық жобалар іске асуда. Оған өткен жылы 1 трлн. теңге бөлінсе, биыл 325 млрд. теңге бөлу жоспарланған. Бюджет қаражатының мақсатты және тиімді жұмсалуын бақылау барысында құқық қорғау және бақылаушы мемлекеттік органдар жүргізген тексерулер ұйымдастырушылық сипаттағы және қаржылық тәртіптің сақталмайтынын анықтады. Сондай-ақ, азаматтардың тұрақты жұмыс орындарын ашу кезіндегі іс-әрекетін, әсіресе, адамдарды жұмысқа жалған орналастыру мәселесін қатаң бақылау қажеттігін айқындады.
Мәселен, өткен жылдың өзінде ғана Есеп комитеті құқық қорғау органдарына 72 факт бойынша материал берген. Ал 339 факті бойынша кінәлі тұлғалардың әкімшілік жауаптылығы туралы мәселе көтерілген. Жемқорлыққа қарсы агенттік 28 қылмыстық құқықбұзушылықты тіркеген. Ол бойынша 23 адам жауапкершілікке тартылған. Прокуратура органдары болса, 331 қадағалау актісін енгізді, 493 адам тәртіптік жауапкершілікке, 540 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жиында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын қабылдамағаны және сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар жасағаны үшін мемлекеттік органдар басшыларының жауапкершілігін арттыру институтының тиімділігі де сөз болды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметінше, қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін 108 мемлекеттік қызметші мен қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Оның 15-і отставкаға кеткен, ал 93 тұлғаға түрлі тәртіптік жауапкершілік жүктелген.
Отырыс соңында облыс әкімі Амандық Баталов орынбасарлары мен басқарма басшыларына «Жұмыспен қамтудың жол картасын» тиімді жүзеге асыруды қатаң тапсырды. Іске асып жатқан жобалар арқылы халықты уақытша ғана емес, тұрақты жұмыспен қамту керектігін де айтты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылып жатқан жұмыстарды да өз бақылауында ұстайтынын сөз етті.
Мәулен ӘНЕРБАЙ





