30 шілде жыл сайын адам саудасы құрбандарының құқықтарын қорғауға, қоғам назарын қылмыстың осы түріне аударуға және оған қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге бағытталады.
Адам саудасы – шекара талғамайтын, ұйымдасқан және трансұлттық сипаттағы қылмыс. Халықаралық ұйымдардың мәліметінше, жыл сайын мыңдаған ерлер, әйелдер мен балалар өз елінде немесе шетелде қанаудың әртүрлі түріне ұшырайды. Олардың ішінде жыныстық қанау, мәжбүрлі еңбек, құлдық, еріксіз некеге тұрғызу немесе адам ағзаларын заңсыз алу сияқты жағдайлар жиі кездеседі.
Қазақстан БҰҰ-ның Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясы мен адам саудасының алдын алу және жолын кесу туралы Хаттаманың қатысушысы ретінде бұл бағыттағы халықаралық міндеттемелерді орындап келеді. Елімізде «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» арнайы Заң қабылданып, зардап шеккендерге көмек көрсету және оңалту шаралары қолға алынған. Сонымен қатар, тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
2025 жылы Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күнінің ұраны: «Адам саудасы – ұйымдасқан қылмыс. Қанаудың барлық түрлерін тоқтату үшін бірге жұмыс істейік».
Осыған орай, Ішкі істер министрлігі халықаралық бастаманы қолдау шеңберінде 30-31 шілде күндері «Адам саудасына қарсы күресте біргеміз!» атты кең ауқымды іс-шара ұйымдастыруда. Шара барысында мүдделі мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар бірлесіп, мынадай жұмыстарды жүргізеді:
-
Адам саудасының белгілерін және сенім телефондарының нөмірлерін көрсететін ақпараттық материалдарды тарату;
-
Құқықтық сипаттағы тегін консультациялар ұйымдастыру;
-
Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізу.
ІІМ өкілдерінің айтуынша, бұл күресте әр азамат маңызды рөл атқара алады. Атап айтқанда:
-
Адам саудасы туралы ақпаратпен танысып, оны жақындарымен бөлісу;
-
Профильдік ұйымдарға қолдау көрсету және қайырымдылық бастамаларға қатысу;
-
Күдікті жағдайлар орын алса, дереу құқық қорғау органдарына хабарлау қажет.
«Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні бүкіл әлем бойынша миллиондаған адамға әсер ететін мәселені еске салады. Күш біріктіру арқылы біз қауіпсіз қоғам құра аламыз. Бұл күресте әркім маңызды рөл атқара алады!», – делінген ІІМ хабарламасында.





