Өңірде есірткі қылмысы бәсеңдеген. Әсіресе, жастар арасында аса танымал синтетиктің сергелдеңі азайған. Өңірдің құқық қорғаушылары 2024 жылдың бірінші жарты жылдығында 58,6 келі синтетик тәркілеген еді. Биыл 15,2 келідей химиялық есірткі тұтынушыға «жетпеді». Осы ретте заңды сұрақ туындайды, өңірдің тәртіп сақшылары биыл былтырғыға қарағанда қарқынды жұмыс істеді ме? Бәлки, осы жылы есірткі қылмысының жолын бөгей алмай жатқан болар?! Әдетте есірткі қылмысының бұлай күрт азаюы, заңсыз айналымдағы замана уытының төмендеуі күтпеген жайт қой. Бір ескеретін жағдай, былтыр Жетісу өңірінде 3 есірткі зертханасы анықталып, ұйымдасқан қылмыстың жолы бұғатталды. Ал, осы жылы тәртіп сақшыларының қырағы назарына мұндай зертхана ілінбепті. Осыдан-ақ, 2024 жылы көп көлемде есірткі тәркіленгенін түсінуге болады.
2024 жылы есірткі затын өндірушілерге де, сатушыларға да, қолданушыларға да қолайлы жыл болған секілді. Құқық қорғаушылар сол жылы ұзын саны 87,4 келідей есірткілік затты тәркіледі. Оның ішінде, синтетикті қоспағанда 28.6 келі марихуана, 0,2 келіге жуық гашиш тұтынушысына жетпеді. Жоғарыда айтқанымыздай, құрықталған синтетикалық есірткінің көлемі ауқымды болды. Ал, биыл химиялық уыттың көлемі аз болғанмен өзге есірткінің көлемі артқан. Мәселен, осы жылы тәртіп сақшылары 54,3 келі есірткіні заңсыз айналымнан шығарған. Оның ішінде 37,6 келі марихуана, жарты келіге жуық гашиш, 15 келіден аса синтетик, 1 келідей есірткі шөбі бар. Әрине, құқық қорғаушылардың еңбегі зор. Бірақ сандарға қарасақ, бөрікті аспанға ату қисынсыз. Себебі, тәркіленген синтетиктің көлемі аз болғанмен өзге есірткінің көлемі едәуір артқан.
Облыстық полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Нұржан Сейсенбеков бұл санаттағы қылмысты азайтуға бар күшті салып жатқанын жеткізді. Айтуынша, былтыр құрықталған есірткінің көлемі ауқымды болғанмен, қылмыс саны аз болыпты.
– Былтыр маусым айына дейін 62 құқықбұзушылық тіркелгенмен биыл бұл сан 75-ке жетті. Оның ішінде 27 дерек есірткі сату, аса ірі көлемде сақтаудың 7 дерегі, есірткі сату үшін заңсыз жарнама жасаудың 1 дерегі және есірткі айналымын ұйымдастыру, оған басшылық етудің 2 дерегі тіркелді. Есірткі бұйымын тұтыну жастар арасында белең алған. Әлеуметтік желіде жарнама жасау, сату, таратуда аса белсенділік байқалады. «Кибер бақылау» бағдарламасының арқасында бірнеше қылмыстың ізін аштық, – дейді басқарма басшысы.
Жалпы, өңірде есірткіге тәуелді 236 тұрғын есепте тұр. Өткен жылмен салыстырғанда биыл есірткіге елітіп, арнайы есепте тұрғандар саны едәуір көп. Былтыр олардың саны 230 болған. Биылғы есептегі жетісулықтың 212-сі еркек, 24-і нәзікжанды. Ал оның 47-сі 18 бен 29 аралығындағы жастар. Алаңдатарлық сан бұл. Жастардың есірткіге елітіп жүргенінің айқын айғағы. Тағы бір дәйек, есірткі тәуелділігінен ем-домның арқасында 18 тұрғын айығыпты.
Облыстық полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Нұржан Сейсенбеков есірткі қылмысының өрісін кеңейтіп тұрған әлеуметтік желі мен жасырын жарнама екенін нығырлай айтты. Оның дәйегінше, жыл басынан бері Telegram желісінде 1135 есірткі жарнамалаған парақша бұғатталған. Бірін шапса екіншісі пайда болатын айдаһардың басы іспетті бұл қылмыстың «отымен кіріп, күлімен шығып жүргендер» жаңа парақша ашып алатыны да көпшіліктен жасырын емес. Бұл ретте есірткі саудасындағы ақша айналымына мүлдем тосқауыл қою керек. Солай болып жатқанын басқарма басшысы да айғақтады.
– Жыл басынан бері «Антифрид» бағдарламасы арқылы 136 банк шотын бұғаттадық. Онда 23,5 млн. теңгеге жуық қаражат болды. Ал, облыстық прокуратурамен бірлесіп 688 банк шотына «қара құлып» салынды. Мұнда 103 млн. теңгеден астам қаражат болды, – дейді Нұржан Сейсенбеков.
Бір қызық жайт, былтыр Жетісу өңірінде тұрғындарды саламатты өмір салтына қалыптастыратын бірнеше спорт нысаны пайдалануға берілді. Мұндай кешендердің дені ауылдық жерлерде орналасқан. Оларда спорттың бірнеше түрімен айналысуға болады. Әр нысанға бюджеттен шамамен 130 млн. теңгеге жуық қаражат қаралды. Әлі де спорт кешендеріне сұранып тұрған ауылдар бар. Бірақ, бюджеттің резеңке емесін ескерсек, барлық ауылды осындай кешенмен бір мезгілде қамту мүмкін емес. Ал, өңірдегі есірткі қылмысында ақша дегеніңіз аста-төк. Деннің саулығын құртатын саладағы ақша айналымы саламатты өмірге бағыттайтын салаға құйылса, шіркін!
Дастанбек САДЫҚ