Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі сот Қазақстанның бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановты 3 жылға бас бостандығынан айырды.
Оған 2018 жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы аймақаралық ынтымақтастық форумын ұйымдастыру кезінде қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тағылды. Тергеу нәтижесінде мемлекетке келтірілген шығын көлемі 1 млрд теңгеге бағаланған.
Аталған іс бойынша тағы бір тұлға — Success K компаниясының директоры Ляззат Көккөзова да жауапқа тартылды. Ол аса ірі көлемдегі алаяқтық үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға сотталды. Көккөзова форумды ұйымдастырумен тікелей айналысқан болатын.
Сот процесі кезінде Ерлан Қожағапанов өзіне тағылған айыптарды мойындамай, тергеудің әділ өтпегенін алға тартты. Ол куәларға қысым көрсетілгенін айтып, істі бейтарап шешу үшін нейрожеліге жүгінуді ұсынған.
Айта кетейік, 2018 жылы Петропавл қаласында өткен бұл форумға сол кездегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Владимир Путин қатысқан. Алайда Қожағапанов бұл іске 2024 жылы, яғни 6 жылдан кейін тартылды.