Қазақстанда алғаш рет сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Мемлекет басшысы қол қойған заңға сәйкес, өзге адамның еркіне қарсы заңсыз қудалау үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе 50 тәулікке дейін қамау жазасы қарастырылған, деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бас прокуратураның мәліметінше, азаматтардың жеке бас бостандығын қорғау және «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында 2025 жылғы 16 шілдеде Қылмыстық кодекске 115-1-бап «Сталкинг» енгізілді.
Сталкинг – бұл адамның еркіне қайшы, зорлық-зомбылықсыз, бірақ елеулі зиян келтіретін заңсыз қудалау әрекеттері. Бұған жеке өмірге қол сұғу, еркін жүріп-тұруға шектеу қою немесе психологиялық қысым жасау жатады.
Егер қудалау зорлық-зомбылықпен, қорқытумен, бопсалаумен немесе жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзумен қатар жүрсе, іс-әрекеттер Қылмыстық кодекстің басқа баптары бойынша қосымша сараланатын болады.
Бас прокуратура азаматтарды сталкинг көріністеріне бейжай қарамауға және мұндай жағдай орын алса, дереу құқық қорғау органдарына хабарласуға шақырды.





