Елдің тыныштығы мен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін полиция қызметкерлері қашанда тынымсыз жұмыстың ортасында жүреді. Тәртіп сақшыларының бәрі де кәсіби жауапкершілікті сезінетіндігімен ерекшеленеді. Күн-түн демей, ауа-райының ыстық-суығына қарамай өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, адам өмірінің арашашысы ретінде ерлігімен танылған полиция қызметкерлері жетіп артылады. Нардың жүгін арқалап, иығына шен тағып, өмір мен өлімнің ортасында тұрған жандарды құтқарып қалған қаһармандар облыста да баршылық. Олай болса бейбіт күннің батырларының істеген ерлігі мен атқарған жұмысына зер салайық.
Халықтың ықыласына бөленіп, ел мен жерге лайықты қызмет істеп жүрген жандардың бірі – Талдықорған қаласы ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Сырым Құмархан мен полиция лейтенанты Бекжан Билялов. Шаһардың тыныштығын күзетіп, тұрғындардың бейбіт өмірін қадағалап, жұмысына жауапкершілікпен қарайтын қызметкерлерді қала тұрғындары мақтан тұтады. Адал қызмет етуге ант қабылдаған тәртіп сақшылары қай қызметте жүрсе де бар ойлағаны – елдің құқығын қорғау. Бұл міндетті қос қызметкер де абыроймен атқарып келеді. Олай болса қалтқысыз қызмет істеп жүрген бейбіт күннің батырларының ерлігінің біріне тоқталайық.
2022 жылы 5 қыркүйек күні кешкі сағат 20.15-тер шамасында Талдықорған қаласы ПБ кезекші бөліміне «Өтенай ауылы Достық көшесіндегі № 21 үй өртеніп жатыр» деген хабарлама келіп түседі. Хабарламаны ести сала сол маңда жүрген қызметкерлер дереу оқиға орнына барады. Төтенше жағдай орнына келген бойда патрульдік полицейлер лапылдап жанып жатқан отты көреді. Үйдің дәлізі көк түтін болып жатқан соң қызметкерлер ішіне кіріп, кәмелетке толмаған 5 баланы алып шығады. Орын алған оқиғаны дереу «Жедел жәрдем» мен өрт сөндіру қызметіне хабарлағандықтан барлығы аман-сау қалады. Сын сағатта мүдіріп қалмай шұғыл әрекет ете білген қос қаһарманның ерен ерлігі еленіп, «Қазақстан Полициясына 30 жыл» медалімен марапатталды.
Қызыл жалынды ауыздықтап, өмір мен өлімнің ортасында қалған тұрғындарды құтқарып қалған батырлар – Талдықорған қаласы ПБ патрульдік полиция ротасының қызмет инспекторы, полиция капитаны Рауан Мусапиров пен полиция аға лейтенанты Қазыбек Ілиясов.
Олар 2022 жылы 17 қарашаға қараған түні «Жастар» шағынауданындағы бесқабатты тұрғын үйдің пәтерінің бірінен түтіннің иісі шығып жатқаны туралы хабарламаны естиді. Оқиға орнына дереу барған «Бүркіт–169» экипажының қызметкерлері бірінші қабаттағы пәтер есігінен көк түтін шығып жатқанын байқайды. Бірақ, пәтер есігі құлыптаулы екен. Тосыннан келген оқиға кезінде тосылып қалмаған қызметкерлер дереу төтенше жағдайлар департаментіне хабарласып, өрт сөндірушілердің келгенін күтпей, ыс пен өртті елемей үйге кіріп, тұрғындарды эвакуациялауға кіріседі. Өрт сөндірушілер келгенге дейін тұрғындарды көшеге шығарып үлгереді.
Тілсіз жаудың қаупінен адамдарды құтқарған полиция қызметкерлерінің ерлігі елеусіз қалған жоқ. Сын сағатта дереу шешім қабылдап, өзгенің өміріне араша болған жандар қандай құрметке де лайық. Ел сүйсіндірер ерлігімен танылып, көптің алғысына бөленген азаматтардың бұл ісі көпке үлгі.
Айдар ҚАЛИЕВ