Қазақстан Конституциясында жазылғандай кінәсіздік презумпциясына сәйкес, қылмыс жасады деп айыпталған адам оның кінәсі заңда белгіленген тәртіппен дәлелденгенге дейін және соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін кінәсіз деп саналады.
Кінәсіздік презумпциясы принципі айыпталушының қылмыстық процессте ғана емес, сонымен бірге ол субъектілердің бірі ретінде әрекет ететін барлық қоғамдық қатынастарда құқықтық мәртебесін анықтайтынын атап өткен жөн. Кінәсіздік презумпциясы принципінің ерекше маңыздылығы – құқықтары мен бостандықтары бар қылмыс жасады деп айыпталған адам мемлекет қорғайтын қоғамдық қатынастарға зиян келтіреді. Соған қарамастан процестің нақты қатысушысы – айыпталушының құқықтары мен бостандықтары қорғауға жатады. Сондықтан да айыпталушыны үкім шығып, заңды күшіне енгенге дейін «жемқор», «парақор», «ұры», «алаяқ» секілді сөздермен атау – этикаға жат. Мұндай сөздердің орнына «жасады деген күдікпен», «пара алды деген күдікпен» және т.б. бейнелі сипаттармен жазуға болады.
Адамның жасаған қылмысы мен заңбұзушылығы мемлекет пен қоғам құзыреті – сот билігінің заңды тәртібімен дәлелденгенге және белгіленгенге дейін адал, парасатты деп қарауды талап етеді. Кінәсіздік презумпциясының формуласы әрбір адамды, яғни Заңды, оның ішінде қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершіліктің кез келген түріне тартылатын кез келген азаматты кінәсіне тікелей айыптамастан қарым-қатынас орнатуды қамтиды.
ҚР Конституциялық Кеңесі, ҚР Əділет министрлігінің Қазақстан Республикасы Конституциясына жасаған Ғылыми-практикалық түсіндірмеден көп нәрсені жаңаша көруге болады. Онда: «Кiнәсiздiк презумпциясы (жорамал) принципі әр адам оның қылмыстық құқық бұзушылық (қылмыс немесе қылмыстық теріс қылық) жасағандығы үшiн кiнәлiлiгi көзделген тәртiппен дәлелденгенге және соттың заңды күшiне енген үкiмiмен белгiленгенге дейiн кiнәсiз деп саналатынынан тұрады. Ешкiм де өзiнiң кiнәсiздiгiн дәлелдеуге мiндеттi емес. Күдіктінің, айыпталушының, сотталушының кiнәлiлiгiне сейiлмеген күмән олардың пайдасына түсiндiрiледi. Қылмыстық және қылмыстық-процестік заңдарды қолдану кезiнде туындаған күмәндар да күдіктінің, айыпталушының, сотталушының пайдасына шешiлуге тиiс. Айыптау үкiмi болжамдарға негiзделе алмайды және ол жол берілетін және анық дәлелдемелердiң жеткiлiктi жиынтығымен расталуға тиiс (ҚР ҚПК 19-бабы). Сотта оның қылмыс жасағаны үшін кінәлі екендігі дәлелденгенге және тиісті үкім заңды күшіне енгенге дейін бұқаралық ақпарат құралдарында да адамның кінәлі екені туралы пайымдаулар мен пікірлерге жол берілмейді.
Жалпы алғанда кінәсіздік презумпциясы құқықтық категория ретінде көне тарихқа ие. 1215 жылғы Еркіндіктің Ұлы хартиясында «заңды күшіне енген үкім бойынша ғана тұтқынға алуға, түрмеге қамауға, иелігінен айыруға болады» – деп жазылған.
Кінәсіздік презумпциясы принципінің іске асырылуы сот ісін жүргізудің адамгершілік бастауы саналады. Соған сәйкес айыпталушы өзіне қатысты объективті және ізгілікті қарым-қатынас құқығына ие болады және өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті емес.
Адам қылмыс жасағаны үшін кінәлілігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанға дейін кінәсіз деп есептеледі. Негізі бұл принцип Конституцияда бекітілмеуі тиіс. 1993 жылғы және 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституцияларында бұл принциптің бекітілуін Кеңес билігі болған жылдарда кінәсіздік презумпциясы қылмыстық заңмен танылғанымен, практика жүзінде іске асырылмағандықтан, адамдардың тағдырында қайғылы көрініс тапқандығымен негіздеуге болады.
Қорыта келгенде Қазақстан Республикасы Конституциясымен белгіленген сот төрелігінің принциптері Республиканың барлық соттары мен судьяларына ортақ және бірыңғай болып табылатындықтан, олардың қолданылуы сот әділдігін сақтауға негіз болуы тиіс.
Қанат Қарымсақов
ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жетісу облысы бойынша өкілі
Фото: kk.delachieve.com-тен алынды





