Алтай мен Атыраудың арасын атақоныс еткен қазақ халқы әлемдің озық мәдениетін қалыптастырып, өзіндік салт-дәстүр, ырым-тыйым, жазылмаған дала заңы арқылы қашанда көш ілгері болды. Ал бүгінгі таңда Қазақстан қоғамы үшін Конституция – тек заң емес, ұлттық бірліктің, әділеттіліктің және тұрақтылықтың символы. Әр дәуірде ел өзінің негізгі заңын қалыптастыруға ұмтылып келген. Қазақ хандығы кезеңіндегі дәстүрлі құқық жүйесінен бастап, Алаш қайраткерлерінің құқықтық идеяларына, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның Конституциясына дейінгі жол – халықтың мемлекеттік санасының даму тарихы.
Қазақ мемлекеттілігінің құқықтық негізі тым әріден бастау алады. Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» – сол дәуірдегі «конституциялық» сипаттағы заңдар болатын. Ал ХХ ғасырдың басында Алаш қайраткерлері бұл идеяны жаңа деңгейге көтерді.
1911 жылы Әлихан Бөкейханның тапсырмасымен Петерборда білім алған жас заңгер Барлыбек Сыртанов «Қазақ елінің уставын» жазды. Бұл – қазақ тарихындағы тұңғыш заманауи конституциялық құжат. Уставта халық билігі, үш тармақты билік жүйесі, адам құқықтары, ер мен әйел теңдігі, жер мен табиғи байлықтың халыққа тиесілі болуы туралы прогрессивті баптар қамтылды. Мәселен, «Қазақ елінде адам баласының бәрі тең хұқылы» деген ереже – сол дәуір үшін озық ойдың көрінісі еді.
Бұл құжат толық күшіне енбесе де, кейінгі ұрпаққа құқықтық мемлекеттің қандай болуы тиіс екендігін айқын көрсетіп берді.
1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанға жаңа құқықтық негіз қажет болды. 1993 жылғы алғашқы Конституция тарихи рөл атқарғанымен, саяси-экономикалық реформаларды жүзеге асыруда әлсіз тұстары байқалды. Сондықтан 1995 жылғы бүкілхалықтық референдумда қабылданған қазіргі Конституция – еліміздің мемлекеттік іргетасын бекіткен басты құжат болып отыр.
Академик Салық Зиманов бұл жөнінде: «Қазақстанның Негізгі Заңы жас мемлекеттің саяси тұрақтылығын қамтамасыз еткен басты фактор болды», – деп бағалаған. Ал заңгер-ғалым Ғайрат Сапарғалиев Конституцияның билік тармақтарын бөлудегі рөлін ерекше атап көрсеткен: «Егер билік теңгерімі сақталмаса, демократиялық жүйе әлсірейді», — дейді.
2022 жылдың 5 маусымында өткен бүкілхалықтық референдум – Қазақстан тарихындағы үшінші референдум болды. Бұл жолы азаматтардың басым көпшілігі Конституцияға түзетулер енгізуді қолдап дауыс берді.
Референдум арқылы Конституцияның 33 бабына 56 өзгеріс енгізілді. Ең маңыздысы:
-
Қазақстан суперпрезиденттік басқарудан ықпалды Парламенті бар президенттік республикаға өтті;
-
Президенттің жақын туыстарына мемлекеттік органдарда жоғары лауазым атқаруға тыйым салынды;
-
Жер мен жер қойнауы халық меншігі деп бекітілді;
-
Әрбір азамат Конституциялық сотқа тікелей жүгіне алады;
-
Өлім жазасы толық жойылды;
-
Мәжіліс пен мәслихаттар аралас сайлау жүйесіне көшті;
-
Әкімдерді халық тікелей сайлау тәжірибесі енгізілді.
Бұл өзгерістерді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Бірақ ең басты конституциялық өзгеріс осыдан үш жыл бұрын жасалды деп айтсақ, орынды болар. Конституциялық реформаның арқасында еліміздің саяси-құқықтық жүйесі түбегейлі жаңа сипатқа ие болды. Сол кезде Конституцияға түзетулерді Парламент арқылы өткізу керек деген ұсыныс кеңінен айтылды. Бірақ күрделі болса да, басқа жолды таңдау жөнінде шешім қабылданды. Ел болашағына тікелей әсер ететін аса маңызды шешімдерді тек қана референдум арқылы қабылдау қажет деген ұстанымды міндетті түрде сақтау керек деп ұйғардым», — деп бағалады.
«Бұл реформалар билік пен халық арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтерді. Азаматтар саяси процестерге тікелей араласу мүмкіндігіне ие болды», – дейді Талдықорған қаласының тұрғыны Айдар Төлеулин.
Қазақ халқының құқықтық ойы ежелгі дәуірден бастау алып, ХХ ғасырдағы Алаш идеясы арқылы жаңғырып, бүгінгі тәуелсіз Қазақстан Конституциясында өзінің толық көрінісін тапты. 2022 жылғы референдум халықтың өз тағдырын өзі шешуге дайын екенін дәлелдеді.
Қазақ қоғамында Конституцияға деген қызығушылық әрқашан жоғары болды. Ғалымдар, саясаттанушылар, заңгерлер бұл құжаттың маңызы мен мазмұнын әр қырынан талдап келеді.
Конституцияның басты қағидалары
Конституцияның 1-бабында Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде жариялады. Бұл төрт ұғым ел дамуының стратегиялық бағытын айқындайды.
-
Демократиялық қағида – халық билігінің жүзеге асуы.
-
Зайырлылық – дін мен мемлекеттің бөлінуі.
-
Әлеуметтік мемлекет – халықтың әл-ауқатын арттыруды басты мақсат ету.
-
Құқықтық мемлекет – заң үстемдігін қамтамасыз ету.
Конституция қоғамдағы тұрақтылықтың, этносаралық келісімнің басты кепілі. Қазақстан көпұлтты мемлекет болғандықтан, онда ұлтаралық татулық ерекше орын алады.
Қазақстан Конституциясы – өзгермейтін тас құжат емес, уақыт талабына сай жетіліп отырады.
-
1998 жылғы түзетулер – Парламент өкілеттігін күшейтті.
-
2007 жылғы өзгерістер – көппартиялық Парламенттің қалыптасуына жол ашты.
-
2017 жылғы реформа – билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлді.
-
2022 жылғы референдум – Қазақстан тарихындағы ерекше кезең болды. Халық алғаш рет Конституциядағы өзгерістерге тікелей дауыс берді.
Конституция және құқықтық мәдениет
Құқықтық мемлекет тек заң қабылдаумен емес, оны орындаумен өлшенеді. Қазақстан қоғамында құқықтық мәдениетті қалыптастыру әлі де маңызды міндет болып отыр.
Қазақстан алдағы уақытта демократиялық дамуды жалғастыруды көздеп отыр. Конституция – бұл жолдағы ең сенімді құрал. Сарапшылардың пікірінше, болашақта төмендегі мәселелерге көңіл бөлу қажет:
-
Жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру.
-
Адам құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту.
-
Сот жүйесінің толық тәуелсіздігін қамтамасыз ету.
-
Конституциялық Кеңестің мәртебесін арттыру.
Қазақстан Республикасы Конституциясы – тәуелсіздіктің символы ғана емес, елдің болашақ дамуының құқықтық кепілі. Ол қоғамның тұрақтылығын, этностар арасындағы келісімді, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етеді.
Бүгін Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толып отыр. 1995 жылы қабылданған Ата Заңымыз мемлекеттіліктің, тәуелсіздіктің және демократиялық құндылықтардың берік іргетасы болды. Ол қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етіп, азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың басты кепіліне айналды.
Жаңа дәуірде еліміздің алдында тұрған міндет нақты міндет бар. Ол осы құндылықтарды сақтап қана қоймай, одан әрі дамыту. Конституцияны құрметтеуді елді құрметтеу деп алсақ, оны қорғау – болашақты да қорғау.
Мәулен Әнербай





