Оқушыларға қоғамдағы мінез-құлық ережелері, заңдар, сондай-ақ табиғатқа ұқыпты қараудың маңыздылығы түсіндірілді. Жергілікті тұрғындар бұл болашақта құқықтық мемлекет қалыптастыруға көмектеседі деп санайды. Өңірде бұзушылықтар үшін жауапкершілік шаралары күшейтіліп, нөлдік төзімділік қағидаты енгізіледі. Бұл үшін 120 мектепте «Адамгершілік-құқықтық жұмыс жөніндегі тәлімгер» жобасы жұмыс істейді. Мақсат – оқушылар арасындағы құқық- бұзушылық санын азайту.
Көпшіліктің айтуынша, үйде дұрыс тәрбие беру керек. Ата-аналар экологияны бұзбау, сақтау үшін алдымен жақсы үлгі көрсетуі тиіс және соған үйрету қажет. Жастар үйренеді, ережелерді сақтайтын болады. Мәдениет – тазалық пен тәртіптен басталады. Жастар қалай болса солай қоқыс тастамауға және оны арнайы орынға апарып салу керегін білген жөн. Бұл тәртіппен тәрбиелеу.
Заңды қатаң сақтау – қолайлы өмірдің негізі. Егер, заңдары өте қатаң және оны адамдары үнемі сақтайтын елдердің тәжірибесіне қарасақ, олар ұсақ құқықбұзушылықтарға дейін ерекше назар аударады. Төзбеушілік саясаты бар жердегі өмір салты да жоғары. Сондықтан біз ертең балаларымыз бен немерелерімізге алаңдамас үшін қазірден бастап тұрақты құқықтық мемлекет құруымыз керек.
Айта кетейік, облыста «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында 600-ге жуық шара ұйымдастырылған. Құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған жиындарға 58 мыңнан аса жас азамат қатысқан. Басқосуларда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, буллинг, кибербуллингті болдырмау жолдары түсіндірілген. Сонымен бірге салауатты өмір салты насихатталып, қаржылық сауаттылықты арттыру бағытында кеңес берілген. Құқықтық қоғам құру бағытындағы мұндай жұмыстар бүгінде оң нәтижесін бере бастаған.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА