Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы «Әділет жоқ жерде береке жоқ» деген пайымын жеткізсе, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Заң адамға қызмет етуі тиіс» деп қоғам дамуының басты өлшемін айқындаған. Сондықтан жаңа Конституцияны қабылдаудағы мақсат – азамат пен мемлекет арасындағы сенімді нығайтып, әділетті қоғам құру.
Осы конституциялық реформалардың заңды жалғасы ретінде қабылданған «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заң мемлекеттік қызмет жүйесін заман талабына сай жаңғыртуға бағытталды. Заң мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруды, кәсібилікті күшейтуді, меритократия қағидаттарын одан әрі жетілдіруді және азаматтарға бағдарланған мемлекеттік басқару моделін қалыптастыруды көздейді.
Жаңа заңның ерекшеліктерінің бірі – меритократия қағидатының күшеюі. Ендігі жерде мемлекеттік қызметте мансаптық өсу ең алдымен кәсіби құзыреттілікке, нәтижеге және адал еңбекке негізделеді. Бұл – әділетті кадр саясатының нақты көрінісі. Сонымен қатар заңда мемлекеттік қызметшінің кәсіби дамуына ерекше көңіл бөлінген. Үздіксіз оқыту, жаңа құзыреттерді игеру, цифрлық сауаттылық пен жасанды интеллект құралдарын пайдалану қазіргі мемлекеттік қызметкердің ажырамас талабына айналып отыр. Мемлекеттік қызмет тек әкімшілік рәсімдерді орындаумен шектелмейді. Ол – стратегиялық ойлайтын, қоғаммен тиімді коммуникация орната алатын, өзгерістерді басқара білетін көшбасшылар институтына айналуда.
Заңның тағы бір маңызды жаңалығы – мемлекеттік қызметтің адамға бағдарланған моделін қалыптастыруы. Мемлекеттік орган жұмысының негізгі өлшемі ендігі жерде рәсімдердің саны емес, азаматтың мәселесінің сапалы әрі уақтылы шешілуі болуы тиіс. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының нақты жалғасы. Сонымен қатар заңда еңбек жағдайларын жақсартуға, жұмыс уақыты мен әлеуметтік кепілдіктерді нақтылауға бағытталған нормалар да енгізілген.
Мемлекеттік қызметтің жаңа моделі мемлекеттік қызметшілердің әдеп мәдениетіне, ашықтығына және қоғам алдындағы жауапкершілігіне де жаңа талаптар қояды. Себебі халықтың мемлекетке деген сенімі ең алдымен мемлекеттік қызметшінің кәсібилігі мен адамгершілік ұстанымдары арқылы қалыптасады.
Жаңа Ата Заң мен жаңа «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңы – бір-бірін толықтыратын тарихи құжаттар. Бірі – мемлекеттің конституциялық негізін айқындаса, екіншісі – сол қағидаларды жүзеге асыратын мемлекеттік аппараттың жаңа келбетін қалыптастырады. Сондықтан бұл реформалардың түпкі мақсаты – кәсіби, тиімді, ашық әрі халыққа қызмет ететін мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру. Заң үстемдігі – әділетті қоғамның кепілі. Ал әділетті қоғам – қуатты мемлекеттің берік негізі.
Жайық ТАЗАБЕКҰЛЫ,
мемлекеттік басқару академиясы
облыстық филиалының директоры





