Депутат – бұқара мен биліктің арасындағы алтын көпір. Халық қалаулылары ел ішінде жүріп, жұртшылықтың көкейінде жүрген мәселелерді көтереді. Биыл Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 31 жыл. Осы уақыт аралығында депутаттар ел аманатын арқалап, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында қыруар жұмыс атқарды.
Облыстағы халық қалаулыларының мәслихат мінберінде көтеріп, шешкен мәселелері жетіп артылады. Сол себепті көбінде ел-жұрт өзінің арман-тілегін, қоғамды толғандырып отырған көкейтесті мəселелерін халық қалаулыларына жолдайды. Олай болса мәслихат депутаттарының араласуымен күрмеуі шешілген мәселенің біразына тоқталып өтейік.
Облыстық мәслихатта 5 тұрақты комиссия бар. Әр салаға жауапты мамандар тұрғындардың өтініштері мен өңіріміздегі өзекті мәселелерді шешіп жүр. Мәселен, үш жыл аралығында мемлекеттік органдарға өңіріміздегі барлық саланы қамтитын 457 депутаттық сауал жолданыпты. Оның 101-і жергілікті бюджеттен қаражат бөлуді талап ететін сауал. Осы жылдар аралығында облыстық бюджетті қалыптастыру кезіңде қаражат талап ететін 41 депутаттық сауал оң шешімін тапқан. Мемлекеттік органдарға жолданған барлық депутаттық сауал уақытымен қаралып, тиісті шаралар қабылданған. Атап айтсақ, депутат Жалғас Алтынбековтың «Талдықорған қаласында 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық патологиялары бар мүгедек балалар мен тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды оңалтуға арналған «Бәйтерек» оңалту орталығына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу немесе басқа ғимаратқа көшу мәселесі оң шешімін тапты. Нәтижесінде құрылысқа 22,1 млн. теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал депутат Олжас Жапарқұловтың орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайту мәселесі бойынша 2024 жылға бюджеттен 575 млн. 879 мың теңге бөлінді. Қайрат Кереевтің Талдықорған қаласы Өтенай ауылындағы қолданыстағы дәрігерлік амбулаторияға жаңа блок салу туралы сұранысына 588,2 млн. теңге қаржы берілген. Әсет Қыдырмановтың «Айналайын» балалар үйіне қарасты жаздық балалар лагерінің күрделі жөндеу жұмыстарына 2024 жылға 806,9 млн. теңге қарастырылды. Баршагүл Саятованың Алакөл ауданы Үшқайың мен Тұяқбай ауылдары арасындағы облыстық маңызы бар 4,6 шақырым автомобиль жолын жөндеу бойынша 2023 жылы орташа жөндеу жұмыстарына 100 млн. теңге, 2024 жылға 197,5 млн. теңге бөлінді. Көксу ауданы Еңбекші ауылдық округінің орталығы Зылиха Тамшыбай ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға, Көксу ауданы Мұсабек атындағы орта мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге, перинаталдық орталықтың «Ұрықты қорғау орталығын» заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтау «Цитогенетика бойынша бағдарламалық модульді» сатып алуға қаржы бөлініп, көтерілген мәселе оң шешімін тапты. Сондай-ақ, Талдықорған қаласы «Жастар-1» шағын ауданы Біржан сал көшесінде электр жарығын орнатуға, Ақсу ауданы Матай ауылындағы «Кәусәр бөбек жайы» балабақшасының жылыту жүйесі мен ойын алаңының салынуына, Алакөл ауданы «Қабанбай-Лепсі» 0-41,5 шақырым жолын орташа жөндеу жұмыстарына да қаржы қарастырылды.
Гүлнар ТОЙЛЫБАЕВА, облыстық мәслихат төрағасы:
– Депутаттардың жұмысы тұрғындардың көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап беру, қоғамдық пікірлерді үнемі есепке ала отырып, мәслихат сессияларында ұжыммен бірге талқылап, ортаға салу және осы айтылған жайттардың шешімін табу. Осы ретте депутаттарымыз азаматтардың өтініштері мен шағымдарын қарап, өз құзыреті шеңберінде көтерілген мәселелерді шешуге көмек көрсетіп, ресми сұраулар мен өтініштер жолдау арқылы мемлекеттік органдармен жұмыс жүргізеді. Әрбір депутат өзінің қызметін әзірленген сайлауалды бағдарламасынан бастайды. Сайлауалды бағдарламада өңірді, аумақты, елді мекенді дамытудың ең өзекті мәселелері көтеріледі. Сондықтан депутаттар өздерінің алдарына қойған міндеттерді тиісті деңгейде атқару мақсатында 5 жылдық «Жол картасын» әзірледі. Біздің тәжірибемізде депутаттар жылына бір рет Жол картаға енгізілген мәселелердің орындалу барысы туралы есеп беріп отырады. Біз билік органдарымен бірлесіп, бір мақсат жолында үндесіп, халқымыздың талап-тілегін орындай отырып, ел игілігі үшін қызмет етеміз.
Бұдан бөлек, облыстық мәслихат депутаттары қайырымдылық және демеушілік іс-шаралар мен акциялар өткізіп, аз қамтылған азаматтарға кең көлемді көмек көрсетуде. Бұл жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасын табары сөзсіз.
Бұл – ел тілегіне құлақ түріп, аманатын арқалаған депутаттардың бір жылда атқарған жұмысының бір бөлігі ғана. «Бірлесе көтерген жүк жеңіл» демекші, атқарушы билік пен қарапайым халықтың арасында алтын көпір болып жүрген халық қалаулыларының алға қойған мақсаты айқын. Ол – көпшілікті толғандырып жүрген түйткілді мəселелердің түйінін тарқатуда бірлесе жұмыс істеу.
Айдар ҚАЛИЕВ





