Бас прокуратурада онлайн-казиноларға қарсы іс-қимыл және заңсыз ойын қызметімен байланысты қаржылық ағындарды бұғаттау мәселелері бойынша ведомствоаралық мәжіліс өтті. Жиынға Ұлттық банк, Туризм және спорт министрлігі, сондай-ақ өзге де мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Мәжіліс барысында интернетте кеңінен таралған заңсыз құмар ойындардың қауіптері талқыланды. Қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру үшін бірлескен тәсілдер әзірленіп, цифрлық бақылау, қаржылық мониторинг және заңсыз әрекеттерге тосқауыл қою бағытында қосымша шаралар қабылдау тапсырылды.
Биыл заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру фактілерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 22,2 пайызға төмендегені байқалады (45-тен 32-ге дейін). Сонымен қатар онлайн-казиноларды қаржыландыруда қолданылған 50-ден астам банк шоты анықталып, бұғатталды.
Қазіргі уақытта тыйым салынған интернет-ресурстарға қол жеткізуді шектеу жұмыстары жалғасып жатыр. Соған қарамастан, бұл саладағы қылмыстар әлі де қауіп төндіріп, жүйелі ден қою шараларын талап етуде.
Бас прокуратура заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған тұлғаларға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 307-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын ескертеді. Бұл бап мүлікті тәркілеумен қатар, жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі





