Ұлттың ұлы қасиеті өз төрелік жарғысын қадірлеуінде. Сол елдік һүкім – бүгінгі жұртымыздың тірегі, ертеңгі ұрпағымыздың қорғаны.
Конституция – жалаң әріп пен жадағай бап қана емес. Ол халықтың жүрек дүрсілі, елдің еркіндігіне берілген серт. Сан ғасырлық сахара салты, даналар толғаған төрелік пен әділет – осы бір құтты құжаттың өзегінде. Шариғат пен жарғыны қатар ұстанған бабаларымыздан мирас болған тектілік бүгін көрініс табады.
Тарихтың талай қатпарында жұртын жат қолына беріп, өрісінен айырылған елдер бар. Біз болсақ, «елім» деп еңіреген ерлердің арқасында азаттығын алған және арқау еткен жұртпыз. Мәңгілік жарғы сол ерліктің хатқа түскен шежіресі.
Бұл төрелік жарғы бай мен кедейдің арасына бірдей әділдік тарататын қазы, әлсізге пана, күштіге тізгін. Әділет үстем болған жерде халықтың мерейі өседі, берекесі артады. Ал әділеттің алтын арқауы осы елдік һүкім.
Азаттықты аңсаған ата-бабамыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен еркіндігін алды. Бірақ еркіндікті сақтау ерлікпен алудан да қиын. Міне, осы тұста мәңгілік мизамның мәні ашылады. Ол халықтың ішкі бірлігін бекемдеп, сыртқы күшке тізгін бермейтін тіреу.
Бүгінгі ұрпақ құтты құжатты жатсынбай, қастерлесе бұл елдің іргесі шайқалмайды. Мызғымас мизам – берік мемлекетке кепіл. Ата Заңын жоғалтқан жұрт тамыры кесілген бәйтерекпен тең. Ал тамыры терең бәйтерек дауылға да, боранға да мойымайды.
Сондықтан біліңіздер, бұл мәңгілік жарғы ұлттың ұжданы, елдің еңсесін тіктейтін темірқазық. Оған құрмет өзіңе құрметтен басталады, оны сақтау болашаққа аманат.
Бүгінгі таңда біздің елдің басты жетістігі – ішкі тұрақтылық пен қоғамдық келісім. Бұл қағидалары нақты бекітілген заңдық негіздің арқасында мүмкін болып отыр. Әрбір қазақстандық осы құжаттың мәнін түсініп, оны сақтауға үлес қосса, мемлекетіміздің іргесі берік болмақ.
Жанат АЯНБАЕВА,
Алакөл ауданы Бұлақты орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі





