Еліміздегі саяси қуғын-сүргін құрбандары алдағы уақытта толық ақталуы тиіс. Себебі, кеңестік идеологияның кесірінен талай адам жазықсыз жапа шегіп, боздақтар оққа ұшты. Ондай ақтаңдақтардың ақиқаты айтылуы керек. Мұндай пікір Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев өткізген Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның үшінші отырысында айтылды.
Онлайн форматта өткен алқалы жиынды ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев ашып, жүргізіп отырды. Комиссия отырысында саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысын ұйымдастыруға және олардың міндеттеріне қатысты мәселе қаралып, архивтерде жатқан мәліметтердің бәрін ашу, зерттеу жұмыстарын жүргізетін ғалымдарға жағдай жасау қажеттігі айтылды. Жиында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі Қанатбек Жайсаңбаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтаудың маңыздылығына тоқталса, Ақтөбе, Қостанай, Жамбыл, Алматы облыстары әкімдерінің орынбасарлары баяндама жасап, өңірлердегі жұмыс барысын таныстырды.
Облыс әкімінің орынбасарын Батыржан Байжұманов Жетісу жерінде құпиясы ашылмай жатқан мәліметтерді анықтау бойынша атқарылған жұмыстардың ойдағыдай жүріп жатқанын, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның жаңартылған құрамына 36 адам кіргенін, оның 22-сі ғалымдар, ғылыми қызметкерлер, зерттеушілер, ғылыми дәрежесі бар тұлғалар екендігін атап өтті.
Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың деректерін жинау, жерлеу орындарының картасын жасау, ведомстволық және мемлекеттік архивтердің қызметін қалыптастыру сынды аса маңызды мәселелерді облыс әкімдерінің орынбасарлары – өңірлік комиссиялардың жетекшілеріне тапсырған Мемлекеттік комиссияның төрағасы Қырымбек Көшербаев ғалымдардың зерттеу жұмыстарын жүргізуі үшін қолайлы жағдай жасау қажеттігін баса айтып, ғалымдардың еңбегін ынталандыру және оларды жан-жақты қолдау керектігін атап өтті. Соған байланысты барлық өңірдің әкімдеріне өңірлік комиссиялардың қызметін жетілдіруге, сарапшы ғалымдармен ықпалдастықтың тиімділігін арттыруға, зерттеу жұмыстарына халықтың белсенді бөлігін жұмылдыруға қатысты тапсырмалар берді.
Мемлекеттік деңгейде қаралған мәселеге орай облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның жұмысы жайлы облыс әкімінің орынбасарына есеп беріп, атқарылған жұмыстардың нәтижесі мен қажетті тетіктерді таныстырды.
Мәди АЛЖАНБАЙ





