Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша өтіп жатқан сот процесінде жарыссөз кезеңі басталды. Мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбаева судья Ержан Жанұзақовтың төрағалығымен өтіп жатқан сот отырысында сөз сөйледі.
Прокурор мәлімдеуінше, Шерзат Полатқа жасалған шабуыл ерекше қатігездікпен жүзеге асқан. Ол өмір сүруге, бақытты балалық шаққа және болашақ құруға құқылы жасөспірім болғанын атап өтті. Қоғамда үрей мен алаңдаушылықтың күшейгені де айтылды.
Сотқа ұсынылған тәуелсіз сараптама қорытындысы бойынша, Шерзаттың сол жақ өкпесіне тиген жарақат оның өліміне тікелей себеп болған. Сараптамада жарақат тереңдігі 12 см деп көрсетілген. Бұл жарақат Шынасылдан алынған, жүзі 9,5 см болатын пышақпен келтірілуі мүмкін екені айтылған. Сарапшы Халимназаровтың сөзінше, жарақаттың тереңдігі – пышақ қатты күшпен салынғанының дәлелі.
Дана Сәрсенбаева сотта Шынасылдың қайшы жауаптар бергенін, бұл әрекеттердің сотты шатастыру мақсатында жасалғанын айтты. Оның айтуынша, Шерзатқа пышақпен жарақат салған — Шынасыл Абзал, бұл жайт сараптамалық қорытындылармен толық дәлелденген.
Прокурор қылмыстық әрекеттің дәлелденгенін айтып, соттан әділ шешім шығаруды сұрады.
«Жетісу-Ақпарат»