Талғарда қаза тапқан марқұм Шерзаттың ісі бойынша жәбірленуші тараптың мүддесін қорғаған адвокат Мейірман Шекеев сотталушылардың бірі — Дархан Әскентай жайлы тың мәліметпен бөлісті.
Бұл туралы ол «Қазақ Айран» бағдарламасына берген сұхбатында айтты:
«Бастапқыда бәрі Дархан Әскентайға «мойныңа ал» деп қысым жасайды. «Сен үшін бардық, сен үшін осы жерде отырмыз» деп сендіреді. Сондай-ақ, «сен қорықпа, біз ана жақта сөйлесіп қойғанбыз, түрмеде жағдайың жақсы болады, сен бұрын сотталмағансың, көмектесеміз» дейді. Алғашында Әскентай бұған көнеді. Бірақ кейіннен «мен тек жасағанымды ғана мойындаймын, адам өлтірген жоқпын» деп бас тартады», — дейді адвокат Мейірман Шекеев.
Адвокаттың айтуынша, іс материалдарындағы деректерге сәйкес, сотталушылардың бірі жауапкершілікті өз мойнына алуы үшін осылайша үгіттелген. Алайда сот барысында ол бастапқы мәлімдемесінен бас тартып, тек өз іс-әрекеттеріне жауап беретінін мәлімдеген.





