Құқықтық негізге сәйкес сот орындаушылары мемлекеттік және жеке болып екіге бөлінеді. Десе де екеуінің арасында айырмашылық бар.
Сот орындаушысы – атқару парағын орындататын адам. Атқару парағы деген – сот шешім не үкім шығарғанда беретін құжат. Онда жазылғандар (мәселен, қарызды қайтару, моральдық өтемақы төлеу) міндетті түрде орындалуы керек.
Жеке сот орындаушысы орындата алмайтын сот шешімдері бар. Олармен тек мемлекеттік сот орындаушысы айналыса алады. Яғни, мемлекеттен өндіріп алу, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) 50 және одан көп пайызы мемлекетке және олармен үлестес заңды тұлғаларға тиесілі заңды тұлғадан өндіріп алу, табиғи монополиялар субъектілерінен өндіріп алу, өндіріп алу мөлшері бір мың айлық есептік көрсеткіштен асатын соманы мемлекет пайдасына өндіріп алу, мүлікті тәркілеу не мүлікті мемлекетке беру туралы, мемлекет мүддесіне жүргізілетін үйден шығару, үйге қоныстандыру, үйлерді бұзу, жер учаскелерін алып қою.
Міне, жеке сот орындаушысының мемлекеттік сот орындаушысынан айырмашылығы осы. Айта кетейік, жеке және мемлекеттік сот орындаушысы ғылым, оқытушылық пен шығармашылықтан басқа кәсіптен табыс таба алмайды. Тыйым салынған. Ескере кететіні, сот орындаушысы сот шешімі көрсетілген атқару парағына сәйкес әрекет ете алады. Мәселен, азамат қарыз бойынша төлемді қайтармады, өз кезегінде несие берушілер оны сотқа берді. Сот талап-арызды несие берушінің пайдасына қанағаттандырған жағдайда, борышкер сот шешімін орындауға не оны заңнамада белгіленген мерзімде даулауға міндетті. Әдетте апелляциялық мерзім 5 күннен 1 айға дейін беріледі.
Сот орындаушылары азаматқа күштеп сот шешімін орындата алмайды. Бірақ орындату үшін барын салады. Мәселен, борышкерге жылжитын және жылжымайтын мүлкін пайдалануға, елден шығуға уақытша тыйым салады.
Асхат БАЛТАБАЕВ,
Жетісу облысының сот орындаушысы
Фото: gettyimages.com





