Ата Заңымыз – Конституцияның 76-бабының 3-тармағы және ҚР Азаматтық процестік кодексінің 21-бабына сәйкес соттардың шешімдері, үкімдері мен өзге қаулылары барлық мемлекеттік органдармен, жеке және заңды тұлғалармен міндетті түрде орындалуы тиіс. Алайда, сот шешімі алынғаннан кейін оның орындалуы өз алдына үлкен шаруа.
Заң бойынша борышкер бес күн ішінде ерікті түрде сот шешімін орындауы тиіс. Ал сот орындаушы екі ай ішінде сот шешімін орындатуы қажет. Бірақ заң талаптарын орындамай жалтарғысы келетіндер жиі кездеседі. Әсіресе жеке тұлғаға қатысты шешімді орындату қиын. Сөзіме дәлел ретінде болған оқиғаны айтып берейін. Көпқабатты үйдің үстіңгі қабатында тұратын тұрғынның бөлмесінен аққан су астындағы көршінің үйін бүлдіріпті. Өз кезегінде пәтері бүлінген азамат сотқа шағымданды. Нәтижесінде сот бір жыл бұрын шағымданушы азаматтың пайдасына 150 мың теңге көлемінде қаржы өндіріп беру туралы үкім шығарды. Алайда борышкер шешімді орындамайды. Осы іс біздің қолымызға түсті. Егжей-тегжейлі тексеру барысында жауапкер азаматтың ол пәтерде тұрмайтыны анықталады. Соған қарамастан борышкерді тауып, шешімді орындаттық. Осы тәрізді қиындықтар сот шешімін орындату кезінде жиі кездеседі. Тіпті, сот орындаушы келгенде есігін ашпайтындар да бар. Соған қарамастан біз істі аяқсыз қалдырмаймыз.
Жалпы соттың шешімін орындамайтын азаматтарға заң бойынша әкімшілік жаза қолданылады. Бірақ мұндай жазаны мемлекеттік сот орындаушылары ғана қолдана алады. Ал жеке сот орындаушылары сот актілерін орындау департаментіне борышкерге шара қолдану туралы ұсыныс жібереді. Заң бойынша сот шешімін орындамаған азаматқа шет елге шығуға тыйым салынады. Сондай-ақ мүлкі тәркіленеді және 180 сағат көлемінде қоғамдық жұмысқа тартылады. Борышкерге сот шешімін орындату оңай шаруа емес. Уақыт пен тер төгуді қажет етеді.
Игорь ЦОЙ,
Жетісу облысы сот орындаушысы