Ескелді ауданында тұрғындардың құқықтық мәселелерін шешуге бағытталған «Құқықтық дәріхана» акциясы өтті.
Азаматтарға қажет «құқықтық көмекті» бір жерден ұсыну мақсатында өткен шараға аудан прокуратурасының өкілдері, Адам құқықтары және Бала құқықтары жөніндегі уәкілдердің өкілдері, жергілікті атқарушы органдар, полиция, пробация қызметі, Мансап және Отбасын қолдау орталықтарының мамандары, адвокат, жеке сот орындаушысы, «Отбасы банк» және өзге де ұйымдардың өкілдері қатысты.
Тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерін мамандарға тікелей айтып, заң талаптары мен құқықтарын қорғау жолдары бойынша кеңес алды. Әсіресе түрлі сала мамандарының бір жерде болуы азаматтарға мәселесінің нақты бағытын анықтап, қажетті маманнан бірден кеңес алуға мүмкіндік берді.
«Құқықтық дәріхана» акциясы – халықтың заңды білуіне, өз құқығын қорғауына және құқықтық мәселелерді шешудің тиімді жолдарын түсінуіне мүмкіндік беретін маңызды бастама.
Заң үстемдік құрған қоғамда әр азамат өз құқығы мен міндетін білуі тиіс. Ал мұндай кездесулер сол білімді күнделікті өмірде дұрыс қолдануға жол ашады.
Еламан АБАЙ
Ескелді ауданы әкімінің баспасөз хатшысы





