Жетісуда маусым айы ел тыныштығын бұзар есірткі қылмысына қарсы күрестің қызу кезеңі болды. «Қарасора – 2025» атауымен өткен жедел-профилактикалық шара аясында есірткімен күресте едәуір нәтиже айқындалды. Бұл жайлы Журналистер үйінде өткен баспасөз жиынында баяндалды.
Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ельдар Әбдікеновтің айтуынша, бір айдың ішінде тіркелген 27 құқықбұзушылықтың 16-сы қылмыстық іс ретінде қаралған. 25 келіден астам улы зат тәркіленіп, 11 теріс қылық әшкереленген. Заңсыз айналымда жүрген өсімдік тектес удың тамыры біраз ауданнан қопарылып, қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар қатары көбейді.
Жыл басынан бері өңірде 90-нан астам есірткіге қатысты қылмыс тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көлеңкелі қылмыстың өсіп отырғанын аңғартады.
Қылмыстың алдын алу үшін 100-ден астам тәртіп сақшысы, арнайы техникалар мен мобильді топтар жұмылдырылған. Тіпті облыс әкімдігінің қолдауымен әуеден бақылау жүргізіліп, кейбір аудандарда тәулік бойы жұмыс істейтін бақылау бекеттері ашылды.
Удың ұясы кибер кеңістікте де анықталды. Жүргізілген мониторинг нәтижесінде интернет пен мессенджерлерде таралған материалдар бұғатталып, заңсыз қызметпен байланысты банк шоттары тоқтатылды.
Облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы басқармасының бастығы Нұржан Сейсенбековтің айтуынша, 26 мамыр мен 26 маусым аралығында 114 профилактикалық шара өтті. Оның ішінде 7 акция, 10 семинар, 26 лекция, түрлі кездесу, «дөңгелек үстелдер», сурет көрмелері, спорттық сайыстар ұйымдастырылған. Балаларға арналған «Есірткісіз әлем» көрмесі, дебаттар, туристік жорықтар, полиция музейлеріне экскурсиялар да халықтың удың зиянын көзбен көріп, көңілмен ұғынуына бағытталған.
Қорыта айтқанда, есірткі саудасы елдің есін алатын қауіпті құбылысқа айналды. Бірақ уақыт өте келе бұл дерттің де тіні үзіліп, тамыры шабылмақ. Жетісу жұртшылығы үшін бұл күрестің басы ғана.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





