Жетісу облысының Ішкі мемлекеттік аудит департаменті 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы жұмыс қорытындысын жариялады.
Алты айда барлығы 49 аудиттік іс-шара өткізілді. Оның сегізі – жоспарлы, ал қалған 41-і – жоспардан тыс тексерулер. Көп жағдайда олар мемлекеттік органдардың тапсырмалары, азаматтар мен ұйымдардың шағымдары, сондай-ақ тәуекелдерді басқару жүйесінің деректері негізінде жүргізілген.
Тексеру нәтижесінде 13,1 млрд теңгенің бұзушылықтары анықталды. Оның 3 млрд теңгеден астамы – қаржылық, ал 9,6 млрд теңгесі рәсімдік сипаттағы кемшіліктер. Жарты жыл ішінде бюджетке 2,7 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылды, қалған соманы өндіру жұмыстары жалғасуда.
Анықталған заңбұзушылықтарды жою үшін 48 нұсқама беріліп, олардың көпшілігі орындалды. Сонымен қатар, 40 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 240 әкімшілік айыппұл салынды. Айыппұлдардың жалпы сомасы 23,9 млн теңгені құрап, оның 98 пайызы өндірілді.
Камералдық бақылау аясында құны 451 млрд теңгеден асатын 9 751 лот тексеріліп, 1 018 хабарлама жолданды. Онлайн-бюджет мониторингі арқылы 48 ұйым бойынша тәуекелді төлемдерге қатысты 918 хабарлама әзірленіп, заңсыз төлемдердің бір бөлігі бюджетке қайтарылды.
Департамент Жоғары аудиторлық палата және Ревизиялық комиссиямен бірлесіп, мемлекеттік қаражаттың ашық әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету үшін бақылауды күшейтіп отыр. 2025 жылдың соңына дейінгі басты мақсат – аудит сапасын арттыру, қаржылық бұзушылықтарды толық өтеу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту және азаматтардың өтініштерін уақтылы қарау.
«Жетісу-Ақпарат»





