Жетісу облысында нашақорлықпен күрес жөніндегі халықаралық күн аясында бір айлық профилактикалық шаралар басталды. Бұл бастаманың бір бөлігі ретінде облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен білім басқармасы бірлесіп, мектеп оқушыларына арналған мәдени-танымдық экскурсиялар ұйымдастыруда.
Іс-шараның басты мақсаты — оқушыларға туған өлкенің тарихи-мәдени мұрасын таныстыра отырып, есірткіден алшақ болуға үндеу, өмірдің құндылығын, білімнің маңызын және саналы таңдау жасаудың қажеттілігін түсіндіру.
Экскурсия барысында есірткі тақырыбына ерекше назар аударылып, зиянды әдеттердің денсаулыққа, болашаққа тигізетін кері әсері жан-жақты түсіндірілді. Полиция қызметкерлері оқушылармен ашық диалог өткізіп, нақты мысалдар арқылы есірткі қолданудың салдары, алдын алу жолдары және заң алдындағы жауапкершілік туралы айтып берді.
Шара барысында оқушыларға «Есірткіге жол жоқ!» деген жазуы бар футболкалар мен бас киімдер таратылды. Бұл атрибуттар салауатты өмір салтын таңдаудың символына айналды.
Экскурсиялар облыстың маңызды тарихи және мәдени нысандарын қамтыды. Атап айтқанда:
-
Ақын Сара музейі (Ақсу ауданы);
-
«Тамшыбұлақ» шипажайы – 30 оқушы қатысты;
-
Кемел Тоқаев музейі (Қаратал ауданы) – 35 оқушы;
-
Шоқан Уәлиханов атындағы мемориалдық музей (Кербұлақ ауданы) – 35 оқушы.
Әр экскурсия оқушылардың тарихқа деген қызығушылығын оятып, оларды терең ойға қалдырды. Жеткіншектер өңірдің бай мәдениетімен танысып қана қоймай, өздерін мазалаған сұрақтарын құқық қорғау органдарының мамандарына ашық қойды.





