Ішкі істер министрлігі мен прокуратура «Заң және тәртіп» қағидаты аясында стратегиялық маңызы бар шикізатты шетелге заңсыз жолмен шығаруға қарсы күресті жалғастыруда. Жетісу облысында түсті металдарды шекарадан контрабандалық жолмен өткізбек болған қылмыстық схема әшкереленді.
Тергеу барысында рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеген бір компанияның қызметі тоқтатылды. Олар заңсыз түрде қорғасын және алюминий қабылдап, өңдеп, ілеспе құжаттарға жалған мәліметтер енгізу арқылы бірнеше мәрте ел аумағынан тысқары шығаруға әрекеттенген.
Тәркіленген мүлік:
-
600 тоннадан астам дайын қорғасын;
-
100 тоннадан астам алюминий құймасы;
-
Түсті металл сынықтары.
Сондай-ақ жасырын металл балқыту цехы мен оның жанындағы зертхана жойылды. Нысан аумағында көші-қон заңнамасын бұзған шетел азаматтары анықталып, тиісті жауапкершілікке тартылуда.
Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Құзырлы органдар қылмыстық схеманың ұйымдастырушылары мен түпкі бенефициарларын анықтауға кірісті.
Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
Дереккөз: Polisia.kz