Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заңбұзушылықтардың алдын алу бағытында өңірде жүйелі шаралар жүзеге асырылуда, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Өңірде өткізіліп жатқан «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында тәртіп сақшылары көлігіне жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін таққан жүргізушіні анықтады. Аталған құқықбұзушылық Алматы облысының 33 жастағы тұрғынының әрекеті салдарынан орын алды. Ол өз көлігіне басқа автокөлікке тиесілі мемлекеттік тіркеу нөмірін орнатып, Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолы бойымен жүрген. Жол бойындағы заманауи бейнебақылау камералары бұл заңсыз әрекетті дер кезінде тіркеді. Инновациялық жүйелер мен автоматтандырылған құрылғылардың көмегімен полицейлер тәртіп бұзушының жеке басын жедел түрде анықтап, тиісті әкімшілік шара қолданды. Қазіргі уақытта құқықбұзушыға тиесілі автокөлік мамандандырылған айыптұрағына қойылды.
Жыл басынан бері өңір аумағында осындай 23 дерек тіркелді. Құқық қорғау органдары азаматтарға жол жүрісі ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді. Заңнан қашу немесе жауапкершіліктен жалтару әрекеттері әрдайым әшкереленеді, өйткені бейнебақылау құралдары тәулік бойы жұмыс істейді. Жол қозғалысына қатысушылардың барлығы заң алдында тең. Жүргізушілердің жауапсыздығы ауыр жол-көлік оқиғаларына әкеліп соғуы мүмкін екенін ұмытпаған жөн. Мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан профилактикалық жұмыстар жол қауіпсіздігін арттырып, жүргізушілердің құқықтық мәдениетін көтеруге бағытталған.





