Сарқан ауданында қысқы мал азығын дайындау науқаны жүйелі жүргізілуде. Биыл шаруашылықтардың алдына 281,3 мың тонна мал азығын әзірлеу міндеті қойылған. Оның ішінде 160,5 мың тонна табиғи шөп, 12,3 мың тонна пішендеме, 16 мың тонна сүрлем, 54,3 мың тонна сабан және 38,2 мың тонна жем қорын жинау жоспарланған.
Бүгінге дейін аудан бойынша 139,9 мың тонна шөп дайындалды. Бұл қысқы мал азығы қорының едәуір бөлігін қамтамасыз етеді. Шаруалардың айтуынша, биылғы маусымдағы қолайлы ауа райы мен техниканың жеткілікті жұмылдырылуы науқанның қарқынын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Жиналған өнімнің негізгі бөлігі көпжылдық шөп. Атап айтқанда, 10,5 мың гектар көпжылдық шөп орылып, гектарынан орта есеппен 65 центнерден өнім алынды. Нәтижесінде 69 277 тонна шөп жиналды. Сонымен қатар 712 гектар біржылдық шөп шабылып, орташа өнімділігі гектарына 40 центнерді құрады. Жалпы 2 848 тонна өнім дайындалды. Мамандардың айтуынша, біржылдық шөп қоры да мал азығының қоректілігін арттырып, қыс мезгілінде малдың өнімділігін сақтауға ықпал етеді.
Мал азығының маңызды түрлерінің бірі саналатын пішендеме 12,3 мың тонна дайындалды. Бұл бағыттағы жоспар мерзімінен бұрын орындалды. Ал сүрлем дайындау жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда. Өңірде сабан жинау жұмыстары да қарқын алған. Жоспарланған 54,3 мың тоннаның 15,1 мың тоннасы жиналды.
Концентрленген жем қорын қалыптастыру бойынша жоспарланған 38,2 мың тоннаның 4 мың тоннасы дайындалды. Бұл бағыттағы жұмыстар астық жинау науқанымен қатар жалғасып, қажетті қорды толық қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Табиғи шабындықтардағы жұмыс та белсенді жүргізілуде. Биыл табиғи шөп шабуға 29 332 гектар жер белгіленсе, оның 14 550 гектары орылды. Орташа өнімділік гектарына 25 центнерді құрап, бүгінге дейін 36 375 тонна табиғи шөп жиналды. Бұл көрсеткіш табиғи жайылымдардың әлеуеті жоғары екенін көрсетеді.
Ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша, қысқы мал азығын молынан дайындау – мал шаруашылығының тұрақты дамуының басты кепілі. Өңірде жемшөп дайындау жұмыстары жоспарға сәйкес жалғасуда. Бұл өз кезегінде малдың қыстан қоңды шығуына негіз болады.
Гүлжан ТҰРСЫН





