Текеліде бірнеше күнге созылған «Текелі – 2026» тактикалық-арнайы оқу-жаттығуы қорытындыланды. Дайындық барысында әскери міндетті азаматтар стратегиялық маңызы бар нысандарды қорғау, диверсиялық топтардың әрекетіне тосқауыл қою және төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет ету машықтарын іс жүзінде шыңдады.
Оқу-жаттығуға мобильді рота құрамына тіркелген әскери міндеттілер мен ұшқышсыз авиациялық жүйелер взводының мамандары қатысты. Жалпы саны 55 әскери міндетті азамат он күн бойы арнайы полигонда тактикалық дайындықтан өтіп, қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл жасау тәсілдерін меңгерді.
Қатысушылар шартты қарсыластың диверсиялық барлау топтарын анықтау және залалсыздандыру, маңызды инфрақұрылымдық нысандарды жан-жақты күзету, сондай-ақ, жау дрондарына қарсы радиоэлектрондық және атыс құралдарын қолдану бағытында тәжірибе жинақтады.
Тактикалық жаттығулардың негізгі кезеңдерінің бірі Текелі қаласындағы су электр стансысын қорғау сценарийіне арналды. Шартты түрде террористік топ стратегиялық маңызы бар су электр стансысына шабуыл жасаған жағдайда әрекет ету алгоритмі пысықталды. Әскери міндеттілер қауіптің алдын алып, қарсыласты оқшаулау және нысанды толық бақылауда ұстау міндеттерін орындады.
Оқу-жаттығуға қатысқан әскери міндетті Ернар Молдабековтің айтуынша, жаттығулар шынайы әскери операцияларға барынша жақын жағдайда ұйымдастырылған.
– Жоспар бойынша жергілікті су электр стансысына шабуыл жасалды. Біздің міндетіміз қарсыластың әрекетін тоқтатып, нысанды қорғау болды. Оқ-дәрілердің жарылысы, автомат дауыстары, арнайы техникалардың қозғалысы бәрі шынайы ұрыс жағдайын елестетті. Өзімді нақты әскери операцияның ортасында жүргендей сезіндім. Он күндік дайындық барысында мол тәжірибе жинадық, – дейді ол.
Мамандардың айтуынша, мұндай жиындар әскери міндетті азаматтардың кәсіби дайындығын тұрақты деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік береді. Сондықтан оқу-жаттығу лагерьлері жылына кемінде 2 рет өткізіліп келеді.
Облыстық жұмылдыру даярлығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Айдар Кибаев Текелі қаласында стратегиялық маңызы бар нысандардың аз еместігін атап өтті.
– Қала аумағында қорғалуы тиіс маңызды нысандар жеткілікті. Соның бірі – су электр стансысы. Оның өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлін ескере отырып, әскери міндеттілердің дәл осы нысанда қорғаныс шараларын тәжірибе жүзінде пысықтауына жағдай жасадық. Мұндай жаттығулар кез келген ықтимал қатерге дайын болуға мүмкіндік береді, – дейді басқарма басшысы.
Оқу-жаттығу соңында тапсырмаларды орындауда үздік нәтиже көрсеткен әскери міндетті азаматтар мен қызметкерлер арнайы марапаттарға ие болды.
Медет ЖҰМАБАЙ





